«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кеңестің келелі істері

2016 жылғы 13 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
8094 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінде 50 кәсіпкердің құқығы қорғалды

ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі бизнес өкілдерінің мәселелерін жедел түрде шешетін бірден бір сұхбат алаңы деп танылды. Кеңес құрамына кәсіпкерлермен бірге мемлекеттік органдардың, прокуратураның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғамдық пікірдің көшбасшылары енгендіктен, биылғы жыл да жемісті аяқталды.  

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының Қызылорда облысы бойынша сектор меңгерушісі Дархан Мырзалиев мәлімдеді. Тек биылғы жылдың өзінде ғана Кеңес өткізген бес отырыста 13 мәселе қаралып, олардың 70%-ы өз шешімін тапқан. Осылайша, 50 кәсіпкердің құқығы қорғалған.

Олардың ішінде, кәсіпкерлер бетпе-бет келген үш негізгі мәселеге тоқталуды жөн көрдік.

Палатаға, кәсіпкерлер, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде кадастрлық бағаны төлеу үшін бірнеше мәрте жүгінген еді. Мәселенің мән-жайына қанық болған Кәсіпкерлер палатасы заңгерлері, жергілікті атқарушы орган жер телімі иесін, қаулы шыққан күннен бастап бір ай мерзім ішінде кадастрлық құнды төлеуге мәжбүрлейтінін анықтаған. Айта кетерлігі, Қызылорда қаласындағы кадастрлық құн, жер телімінің орналасу аумағына байланысты, 2 млн теңгеге дейін барады екен. Мұндай көлемдегі қаражатты, әсіресе, шағын бизнесі бар кәсіпкерге бірден бір ай ішінде төлеу қиынға соғатыны анық. Дәл осы мәселе Кеңес отырысында қаралып,  өз шешімін тапты. Нәтижесінде, кәсіпкерлер аталған соманы біртіндеп төлейтін болды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер тарапынан наразылық тудырған тағы бір мәселенің бірі, «Энергосервис» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты болған. Энергияны қамтамасыз етумен айналысатын аталған мекеме, кәсіпкерлердің рұқсатынсыз, тәулік бойынша аумақтық дифференциалды тарифті тек жеке тұлғаларға ғана қолданып, ал заңды тұлғаларға бірыңғай тарифті пайдалануды жөн көріпті. Осылайша,  мекеме заңға қайшы әрекет жасаған көрінеді. Салдарынан аталған шешім, кәсіпкерлердің қалтасын біршама жұқартқанға ұқсайды. Кеңес мүшелері аталған мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, нәтижесінде мәселе кәсіпкерлер тарапына қарай оң шешім тапқан.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер арасында орын алған өзекті мәселелердің бірі – алкоголь өнімдерін сақтау және жекелей сату қызметін жүзеге асыру үшін лицензиялық алым төлеу мәселесі болған. Бірқатар кәсіпкерлердің лицензияны қайтарып беруіне қарамастан, мемлекеттік кірістер органы сотқа лицензиялық төлем алу туралы шағым түсірген екен. Бұл ретте, осы сынды бірнеше оқиға орын алған. Осыған орай, аталған мәселе Кеңес отырысында қаралып, 5 бірдей кәсіпкер мәселесі бір уақытта оң шешім тапты.  Нәтижесінде бизнесмендер 2 млн 435 мың теңгені үнемдей алған.

Кеңестің қорытынды отырысында Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары барлық Кеңес мүшелеріне белсенді әрі табысты жұмыс атқарғандары үшін алғыс білдіріп, оларға мақтау қағаздарын табыс етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер