«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Сыр Маржаны» компаниясы арнайы «Іскер» жүлдесіне ие болды

2016 жылғы 07 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
15246 просмотров

Бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыс ету және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде  «Іскер»  арнайы жүлдесін тапсырды

Мінәжадин Өтеев басқаратын «Сыр маржаны» ЖШС 1999 жылы алғаш құрылғанда ондағы жұмысшылар саны 35 болған. Ал бүгінде бұл кәсіпорында Қазалы ауданы Ақтан батыр ауылының барлық тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын күріш өсірумен және оны қайта өңдеумен айналысады. Бұдан өзге компания өңір ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жатқан алпауыт компаниялардың бірі саналады.

«Сыр маржаны» ЖШС алғашқы жылдары 350 гектар жерге күріш дәнін еккен. Ал бүгінде егіс алқабы 2 мың гектарға жетіп отыр. «Кубань», «Ақмаржан», «Новатор», «Лидер» сынды күріш түрлері өсіріліп, оларды сағатына 5 тонна қуаттылықпен жұмыс жасайтын зауытқа жібереді. Қазіргі таңда күріш өнімі тек ішкі нарыққа ғана емес, сонымен қатар Ресейге, Украинаға, Тәжікстанға, Түркменстанға және Қырғыз елдеріне жеткізіледі. Бұл тауар сапасының жоғары екенін айғақтайды.

«Сыр маржаны» ЖШС-нің өңір ауыл шаруашылығына қосқан үлесі мұнымен шектелмейді. Компания, сонымен қатар, 10 жылдан бері мал шаруашылығымен де айналысып келеді. Атырау облысынан әкелінген 500 бас асыл тұқымды қой саны, бүгінгі күнге дейін үш есе артқан.

Компания әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырған емес. «Сыр маржаны» ЖШС жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетіп, ардагерлер мен балаларға демалыс орындары мен балалар лагерлеріне жолдамалар береді.

Бұдан бөлек, Ақтан батыр ауылындағы компания кеңсесінде ЖШС басшысының бастамасымен балабақша ашылып, Шәкен ауылында Мәдениет үйі пайда болды. Ал Әйтеке би кентінде соғыс ардагерлері үшін арнайы ғимарат салынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер