«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тәуелсіздік – ширек ғасырдың басты тартуы

2016 жылғы 06 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
11474 просмотров

Кәсіпкерлер «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының делегаттарымен кездесті

Кеше «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» жалпы республикалық акциясының делегаттары Қызылордаға ат басын тіреді. Делегаттың бірі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметкері Данияр Сыдықов Облыстық кәсіпкерлер палатасына келіп, жергілікті бизнес өкілдерімен жүздесіп, өңірлік кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.  

Кездесу барысында қызылордалық кәсіпкерлер «Микробизнес Қызылорда» жобасын жалғастыру жөнінде өтініш айтты. Оның үстіне Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ілиясов Қожахмет кәсіпкерлерге жақсы жаңалығын жеткізді – келесі жылдан бастап кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «бір терезе» ұстанымы бойынша жұмыс істейтін болады, яғни бұдан былай кәсіпкерлерге қала құрылысы саласына қатысты рұқсат құжаттарын алуға мүмкіндік тумақ. Кездесу барысында «Атамекен» келесі жылдан бастап кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтардың жобасын басынан-аяғына дейін сүйемелдеуді қолға алатындығы айтылды.

Кәсіпкерлердің ықыласын оятқан саланың бірі ауыл шаруашылығы саласы болды. Осыған байланысты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов қазіргі кезде облыста жан-жақты маркетингтік зерттеулердің арқасында ауылшаруашылық саласының картасы жасалынып жатқанын айтты. Бұл құжат кәсіпкерлердің қандай өнім өндірген дұрыс, қалай сату керек деген сияқты сауалдарына жауап береді. Ары қарай кездесу пікір алмасу форматында өтті.  

Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстанның халқы ассамблеясының бастамасымен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» жалпы республикалық акциясын ұйымдастырылып, ақжолтай пойыз бір ай бойы ел ішін аралайтын болады. 

Акция аясында 43 күнде 35 елдімекенге бару жоспарланған. Республикалық акцияның мақсаты – қазақстандықтармен Тәуелсіздік алғалы бергі жетістіктермен бөлісу, түкпірдегі елдімекендердегі ел-жұрттың рухын көтеру, қазақстандықтардың шешілмей жүрген мәселелеріне назар аудару.

Пойыз делегаттары қатарында Мәжіліс депутаттары, әртүрлі құзырлы органдардың өкілдері, дәрігерлер мен заңгерлер бар, әр станцияда дәрігерлік көмек көрсетіліп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды, кеңес беріліп, сан алуан қайырымдылық акциялары өткізілді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер