«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Туристік кәсіпорындарды тіркеу қажет пе?

2016 жылғы 05 Желтоқсан
- Жетісу облысы
7962 просмотров

Талдықорғанда жергілікті туризмді дамыту мәселесі талқыланды

Облыс орталығында стратегиялық жоспарлау бойынша жыл сайын өтетін семинар туризм мәселелерімен айналысатын мемлекеттік орган өкілдерінің, жұмыс топтарының және бірлестіктердің басын қосты. Кездесуде аудандық туризм бөлімдерінің сұрақтары мен ұсыныстары, Астанадағы «EXPO-2017» көрмесіне қатысу жөніндегі жоспар-ойлар тыңдалды. Аудандық туризм және спорт бөлімдерінің өкілдерінің айтуынша, басты проблема – инфрақұрылымның жоқтығы. Осылайша, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі жанындағы Туризм және спорт комитетінің өкілі Рүстем Хәкімов жергілікті жерлерде жұмыс топтары өте әлсіз жұмыс жүргізіп жатқандығына қынжылды.

«Бізде барлық аудандар мен қалаларда туризм мәселелері жөніндегі жұмыс топтары құрылған. Атқарылған жұмыстар туралы есеп беріліп жатқанымен, ешқандай нәтиже жоқ. Яғни, іс жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ деген сөз. Бөлімнің бір ғана қызметкері барлық істі жүргізе алмайды, сондықтан да осы жұмыс топтары құрылған болатын», – дейді Рүстем Хәкімов. Облыстық туризм басқармасы да осы пікірде. Олардың айтуынша, жұмыс топтарының өкілдері Кәсіпкерлер палатасының аудандық және қалалық бөлімшелерімен және бизнес-қоғамдастықпен өзара ынтымақтастықты нығайту қажет.

Бұдан бөлек, Комитет мүшесі, Кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Әйгерім Шәймерденова жұмыс қорытындылары туралы баяндады. Сонымен қатар ол Палата қолдау білдірген жобалар туралы айтып берді.

«Біз туристерді қабылдау және орналастыру бойынша қызмет көрсететін туристік нысандарды дамыту, кеңейту және ашу жөніндегі жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз. Палатаның қолдауымен биыл Алакөл көлінде екі инвестициялық жоба іске қосылды. Алакөлдегі «Аяжан» демалыс орнын кеңейтуге, эко-үйшіктер құрылысына, сонымен қатар Көксу ауданында ат спорты клубы мен атқа міну мектебін ашу секілді жобаларға қолдау көрсетіліп жатыр», – деп толықтырды сарапшы.

Басқарма маманы Вера Ежикова қосымша проблема туғызатын туризм нысандары жөніндегі мәліметтерге қатысты пікірлердің алуан түрлі екендігін айтты.

«Қазіргі таңда статистикалық мәліметтер мен салалық мониторинг нәтижелері екі түрлі болып тұр. Мысалы,  бұл статистикалық есеп бойынша, Қапшағай қаласында 28 туристік орын есепке алынса, жүргізілген мониторинг мәліметі бойынша олардың саны – 187. Бұл дегеніміз кәсіпорындар туризм нысаны ретінде тіркелмейді және статистикалық қорытынды бермейді деген сөз. Сондықтан, олардың ресми статистикасын анықтау қиындық туғызып отыр», – деп толықтырды В.Ежикова.

Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер туристік бизнесті жүргізу олар үшін тиімсіз екенін келтірді. Мысалы, Балқаш ауданында бірқатар шаруа қожалықтары туристік қызмет көрсетеді. Алайда, туристік салада кәсіпкерлік субьектісі ретінде тіркелуді қаламайды. Олардың айтуынша, басқа салық тәртібіне ауысу экономикалық тұрғыда тиімсіз. Осыған байланысты семинар қатысушылары осы бағытта түсіндіру жұмыстарын іске қосуды ұсынды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер