«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сыр бойының үздік ондыққа енген жобасы

2016 жылғы 09 Қараша
- Қызылорда облысы
8657 просмотров

Сырдария ауданында ет өнімдерін шығаруға бағытталған ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылады

Оның құрамына бірнеше мал бордақылау алаңы кірмек.

Сырдария ауданы кәсіпкерлерімен кездескен облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, жыл басынан бастап, 11 ауылшаруашылық өндіріс кооперативі құрылған екен. Олардың 3-і  Кәсіпкерлер палатасының белсенді атсалысуымен дүниеге келген.

Жалпы, өткен жылы Сырдария ауданы бойынша Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары 1051 клиентке тұрғындардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың тетіктерін түсіндіру, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік қызметіне мемлекеттік қолдау көрсету, арзан несие алу және қаржылық институттармен жұмыс жасау мәселелері бойынша 1771 кеңес берген. Биылғы жылдың басынан бастап, орталық мамандары 624 клиентке 1320 консультациялық көмек көрсеткен. Сонымен қатар, қызмет етіп жүрген 85 кәсіпкерге  арнайы қызметтер мен жеке кеңестер түрінде тегін сервистік қызмет ұсынылған.  Дәлірек айтсақ, бухгалтерия, салық, статистикалық есеп жүргізу мәселелері бойынша 43 адамға, құқықтық қызмет көрсету бойынша 42 адамға қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, былтыр «Бизнес-кеңесші» курсын 122 адам тәмамдаса, биылғы жылдың басынан бастап  114 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификаттар алған. Нәтижесінде, 42 адам өз кәсібін ашқан. «Айша» ЖК директоры Күлжан Әбдіғапарова Алматы қаласында өткен «Іскерлік қатынастар» жобасы бойынша, екі апталық оқу курсын оқып келген.

2015-2016 жылдары Орталыққа кәсіпкерлерден, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты 9 өтініш келіп түсіпті. Мамандар оларды қарап, банк кепілдемесі, оқытуға қажет сертификат алу, несие, жер қатынастарына қатысты құжаттарды рәсімдеу жөнінде консультациялық көмек ұсынған. Сонымен бірге, алкоголь өнімдеріне қажет лицензия алу, электронды шот-фактура жүргізу және энергетикалық төлқұжат толтыру, т.б. мәселелер бойынша көмек қолын созған. 

Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту және қолдау көрсету бағдарламасы аясында, 1 жоба мақұлданып, оған 543 мың теңге көлемінде қайтарымсыз инновациялық грант берілген. «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша, 34 адам «Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету» АҚ арқылы  жалпы сомасы 80 014 теңгені құрайтын микронесие алған. Нәтижесінде, ауданның 35 азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған. «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ТОП-10 тізіміне енген. «Микробизнес Қызылорда» жобасы аясында, бүгінгі таңда, облыс бойынша жалпы құны  672 млн теңгені құрайтын 107 іс жүзеге асырылып, 400 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының бақылау кеңесінің қарауына Сырдария ауданынан 80 жоба ұсынылып, олардың 27-сі мақұлданған. Жобалардың жалпы құны 177 млн теңгені құрап отыр. Нәтижесінде, 61 жаңа жұмыс орны құрылған. Тағы 4 жоба «Бастамаларға қолдау көрсету» әлеуметтік қоғамдық бірлестігі арқылы қаржыландырылған.  

«Кез келген адам, өз бизнесін ашпастан бұрын, бизнестің аумақтық орналасуы, ресурстар, жұмыс күші туралы толық ақпарат ала алады. Ол туралы ақпарат «Атамекен» ҚР ҰКП сайтында бар. Карта кәсіпкерлерге бизнес жүргізу үшін көмекші болмақ. Бұл әр ауданның экономикасының дамуына, сату нарығына, орын алатын кедергілеріне әсер ететін, барлық факторлар сарапталған алғашқы ресурс болып табылады. Сырдария ауданының өңірлік даму картасына «Ет өнімдерін шығару цехын» енгізу жоспарланып отыр», – деді Кәсіпкерлер палатасы Сырдария ауданы филиалының директоры Айдос Серекеев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер