«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкерлер – жеңімпаздар қатарында

2016 жылғы 24 Қазан
- Қызылорда облысы
9445 просмотров

Жақында Шымкент қаласында «Сауда үздігі-2016» республикалық байқауы өз мәресіне жеткені белгілі

Байқау Қазақстанның үздік сауда өнеркәсібін анықтау мақсатында ұйымдастырылды және де аталған шара ҚР Сауда кәсіпорындары қауымдастығының бастамасымен 2002 жылы қолға алынып, сауда кәсіпорындары үшін жоғары бағалау болып есептеледі. Жыл сайын ұйымдастырылатын байқаудың мақсаты – сауда кәсіпорындарының табысты тәжірибесін айқындау және тарату, оң имиджін қалыптастыру, кәсіби шеберлігін арттыру, ҚР сауда саласындағы қызмет сапасын көтеру, сондай-ақ өз жұмысында инновациялық тәсілдерді пайдаланатын ұйымдарды анықтау.

Биыл байқауға әртүрлі бағыттағы қазақстандық 32 сауда кәсіпорны қатысты. Үздік сауда кәсіпорындары мынадай аталымдар бойынша таңдап алынды: «Қазақстандағы үздік бөлшек сауда», «Үздік көтерме кәсіпорын», «Үздік сауда орталығы, сауда үйі, кешені», «Жол бойындағы үздік қызмет», «Жылдың үздік басшысы».

«Қызылордалық кәсіпорындар «Сауда үздігі-2016» республикалық байқауында облысымызды жақсы қырынан танытып, жүлделі орындарға ие болды. «Үздік сауда орталығы, сауда үйі, кешені» аталымы бойынша «Нұр назар» ЖШС «Арай» спорт және ойын-сауық кешені» 2-орын, «Үздік сауда базары» аталымында  «Әбдіманап» ЖШС 3-орынды жеңіп алды», – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

«Әбдіманап базары» ЖШС 1993 жылы құрылды. Бүгінде 480 сауда нүктесі бар, сонымен қатар шамамен 600 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Менің ойымша, бұл жеңіс – көпжылдық еңбегімнің жемісі. Менің жұмысым – халыққа еңбек ету. Болашақта да биік мақсаттарға жетуді жалғастырамын», – деді «Әбдіманап базары» ЖШС директоры Әбдіғали Шорабаев.

«Нұр-Назар» ЖШС басшысы, жас кәсіпкер, 23 жасар Айгерім Бадауова байқау кезінде көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін Кәсіпкерлер палатасына алғыс білдірді.

«Арай» спорт және ойын-сауық кешені» – Қызылорда облысындағы жалғыз көпфункционалды спорт нысаны. 50 гектар аумақта кәсіби картинг, балалар ойын орталығы, кафе, фаст-фуд, хауыз және хамам орналасқан. «Арай» спорт және ойын-сауық кешені медициналық кабинетпен жабдықталған. 2014 жылы салынған жүзу бассейні, «Арай» түнгі клубы және балалар ойын орталығы маңызды нысандардың бірі. Спорт кешенде өңірдегі аса маңызды жарыстар, концерттер, мерекелік жиындар ұйымдастырылады. «Арай» – әуесқой спорт орталығы, қызылордалықтардың танымал демалыс орны.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер