«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мамандық сұранысқа ие болу керек

2016 жылғы 24 Маусым
- Қызылорда облысы
14810 просмотров

ӨКП мемлекеттік тапсырыс жұмыс берушінің сұранысы бойынша қалыптасуы тиіс деп санайды 

«Мектеп бітіруші түлектер арасында кәсіби бағдар беру шараларын жүргізу барысында мына жағдайдың куәсі болдық. Мектеп бітірушілердің 70 пайызға жуығы бастапқыда өз болашағын техникалық және кәсіптік біліммен байланыстырмайды екен, тіпті техникалық және кәсіптік білім алған студенттердің 50 пайызы алған мамандықтары бойынша жұмыс жасаймын деп ойламайтыны белгілі болды. Мұны біз кәсіби бағдар беруге қатысты ақпараттың қолжетімсіздігімен және мамандарды даярлауда нарықтың сұранысы ескерілмеуімен байланыстырамыз»,– дейді Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Жанна Сқакова.

ӨКП өкілінің айтуынша, жыл сайын техникалық және кәсіби мамандарды әзірлеуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Кейін сол мамандар кәсібін дұрыс таңдамағанының нәтижесінде «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қайтадан оқып жатады.

Жанна Сқакованың сөзіне сенсек, Кәсіпкерлер палатасы екі жылдан бері жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында жұмыс берушінің сұранысы негізінде маман даярлауға қатысты нақты ұсыныстар беріп келеді. Нәтижесінде, Палатамен мемлекеттік тапсырыс аясында мұнай-газ саласы бойынша мамандарды дайындауды тоқтатуға қол жеткізілді.

«Біз мемлекеттік тапсырыс арқылы сұранысқа ие электр энергиясы, құрылыс, шыны өндірісіне және өзге де қажетті мамандар мен біліктіліктер даярлауға қаржы бөлу жөнінде ұсыныстар бердік. Ұсыныстарымыз қолдау табуда», – дейді Жанна Сқакова.

Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында ірі, орта және шағын кәсіпорындарға қажетті мамандардың мәліметтер базасын құруды, кәсіпорындар үшін мамандарды даярлайтын, қайта даярлайтын оқу орталықтарын аштыруды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер