«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жұмыс іздесең, бізге кел

2016 жылғы 27 Мамыр
- Жетісу облысы
8264 просмотров

Қапшағай қаласының кәсіпкерлер палатасы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға қол ұшын созды

Қапшағай қаласы Кәсіпкерлер палатасының филиалы Қалалық жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, өңірдегі жұмыссыз азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру жөніндегі  «Бақытқа  жету кілті – еңбекте» жұмыс жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеге қаланың 20 кәсіпорнының басшылары мен кадрлық қызметкерлері шақырылған. Жұмыс берушілер аз уақыттың ішінде ондаған үміткермен сөйлесіп, өзара салыстырып, жұмысқа талапқа сай келетін жұмысшыны шақырды. Ал жәрмеңкеге қатысушылар нарықтың және кәсіпорындардың сұранысы мен талаптары туралы қанықты.

Барлығы 69 жұмыссыз келіп, оларға қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру, азық-түлік салалары бойынша 29 бос жұмыс орны ұсынылды.

«Жәрмеңке арқылы 6 қала азаматы тұрақты жұмыс тапты. Мүмкіндігі шектеулі 2 адам қалалық аурухана мен қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Жұмыс іздеушілерден 18 түйіндеме келіп түскен. Жыл өткен сайын дәл осы жұмыс жәрмеңкелері жұмысқа тұрудың анағұрлым танымал әрі қолжетімді формасы болып саналады. Себебі, жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасындағы кездесу аса тиімді әрі нәтижелі болып саналады», – деді Қапшағай қалалық ӨКП филиалының директоры Алмагүл Қамбарова.

Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе отырып, таяу күндері «Жұмыс» ақпараттық порталын іске қосқан. Онда азаматтар бос жұмыс орындарын таба алады.

«Сайттың ресми мекен-жайы: www.enbek.kz. Сайттың «Бос орындар», «Түйіндеме» деп аталатын бөлімдері бар. Порталға тіркелгеннен кейін жұмыс беруші өздігінен бос орындар туралы мәліметтер орналастырып, жұмысшылар іздей алады. Жұмыс іздеушілер де солай өз түйіндемелерін шығара алады. Сонымен бірге, жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші бір-бірімен онлайн-чат арқылы тілдесе алады», – деді филиал директоры. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер