«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өңір экономикасындағы арулардың үлесі

2016 жылғы 20 Мамыр
- Қызылорда облысы
14242 просмотров

Қызылорда облысындағы Өңірлік инвестициялық орталықтың қаржыландыруымен іске асырылып отырған, жалпы сомасы 342 миллион теңгені құрайтын 56 жобаның 17-сі әйел кәсіпкерлерге тиесілі

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы төрағасы хатшылығының жетекшісі, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова сыр бойының кәсіпкер қыз-келіншектермен кездесу өткізіп, оларға отбасымен бірге қоғам жүгін де қайыспай көтеріп, соның ішінде кәсіпкерлік саласын өркендетуге үлес қосып жүргендері үшін алғысын білдірді. Ол Қызылордада Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің жұмысы жақсы жолға қойылғандығын, әсіресе, негізгі басымдықты ауылдық елді мекендегі қыз-келіншектердің біліктілігін арттыруға беріліп отырғандығын атап өтті.

Ләззат Рамазанова қызылордалық іскер әйелдердің біліктілігін арттыру үшін жасалып жатқан шараларға оң бағасын берді. Әсіресе, ӨКП-ның Алматы менеджмент университетімен бірлесе атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өтті. Нәтижесінде, екі жыл қатарынан ай сайын қызылордалық іскер әйелдердің біліктілігін арттыруға бағытталған тегін сабақтар өткізіліп келеді. Сондай-ақ, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова және кеңес мүшесі Айжан Шегенова апта сайын жас кәсіпкерлер мен тәжірибелі кәсіпкер әйелдерге екі сағаттық тегін шеберлік-сыныптарын өткізіп келеді. Дәріс бағдарламасына бизнес әліппесінен бастап қаржыландыру көздері құрылымы, бизнес жоспар құрудың ерекшеліктері, маркетингтік жоспар және тағы да басқа тақырыптар кіреді.

Іскер әйелдер кеңесі қыз-келіншектердің біліктілігін жетілдірумен бірге, олардың өміршең жобаларын алып, гранттарға да құжаттарын әзірлеп береді. Мәселен, бүгінгі күнге дейін «Даму» қорының гранттарына қатысу үшін 7 жоба дайын.

Кеңестің нәтижелі жұмысының бірі ретінде, өткізілген біліктілік курстарына қатысқан 4 қыз-келіншек бүгінде Астана қаласындағы Назарбаев Университетінің конкурсын жеңіп алып тегін біліктіліктерін жетілдіруде екендігін айтпай өтпеске болмас. Одан әрі іскер әйелдер Германия қаласындағы курстарға қатысуға мүмкіндік алмақ.

Жиын соңында Ләззат Рамазанова 1-маусым күні Астана қаласында өтетін ІІ республикалық іскер әйелдер конгресіне қызылордалық іскер әйелдерді шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер