«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өз ісін бастауға тәуекел етті

2016 жылғы 17 Мамыр
- Қызылорда облысы
6710 просмотров

«Қызылорда шағын бизнесі» жобасы аясында Қармақшы ауданындағы Тортуловтар отбасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан үш жарым миллион теңге несие алды

Отағасы Жамитбек Тортулов еңбек жолының бірнеше жылын темір жол вагондарын жөндеуге арнаса, кейінгі уақыттарда жекеменшік кәсіпорында токарь қызметін атқарған. Өткен жылы жұмыстан қысқарып, өз кәсібін ашуды ойластыра бастады.

Қазіргі таңда, кәмелеттік жасқа толмаған үш баласын асырап отырған отбасының күнкөрісі 4 сиыр мен жүк машинасына қарап отыр. Тортуловтар көп ойланбастан аудандағы сұранысқа ие жылыжай шаруашылығын қолға алуды жөн деп тапқан. Қажетті жер телімі де бар. Жылыжайды суару мәселесін үйден 30 метр қашықтықта жатқан өзен шешіп берді.

Палатаның Кәсіпкерлерді қолдау қорының Қармақшы бөлімі жаңа іс бастағалы отырған кәсіпкерге бизнес жоспар жасауға және өзге де құжаттарды әзірлеуге көмек көрсетті.

Жоба бойынша жылыжайда қияр мен қызанақ өсірілетін болады.  Жылыжайдан жылына екі рет өнім алу жоспарланып отыр. Бүгінгі күннің өзінде ауданның көтерме-сауда орталықтарынан кәсіпкердің өнімдеріне сұраныс артуда.

Бизнес жоспармен танысқан Қамқоршылар кеңесі жобаның аудан үшін тиімділігін ескеріп, қаржыландыруға рұқсат берді.

Жоба іске қосылғаннан бері алғашқылардың бірі болып «Қызылорда» аудандық инвестиция орталығы арқылы 3 млн 550 теңге қаржыны алған Тортуловтар отбасы болды.

Қазір бұл отбасы Шымкент қаласынан керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, кәсіптерін бастап кетті.

Атап өтер болсақ, ағымдағы жылы «Атамекен» ҰКП және облыс әкімдігі біріге отырып, «Қызылорда шағын бизнесі» жобасы аясында ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға 660 миллион теңге қаржы бөлген болатын. Соның ішінде 70 жоба мақұлданып, 441,9 миллион теңге қаржыландыруға жұмсалды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер