«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жалған кәсіпкерлер бизнеске қауіп төндіруде

2016 жылғы 29 Сәуір
- Қызылорда облысы
16837 просмотров

Қызылорда облысындағы құрылыс компанияларының 90 пайызы жалған кәсіпорындардың кесірінен банкротқа ұшырау алдында тұр

Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтің Қызылорда облысының кәсіпкерлерімен кездесуі барысында аймақтың бизнес өкілдері айтты.

Кездесуде бір емес, бірнеше кәсіпкер осы жалған кәсіпкерліктің құрбанына айналғанын жеткізді. Мәселен, «Абзал және К» ЖШС-нің заңгерінің айтуынша, «компания уақытымен салығын төлеп, жұмысшылардың да, тапсырыс берушілердің де алдындағы міндеттерін толық орындап отырғанына қарамастан осындай проблемаға тап болып отыр».

«Кәсіпкерлермен азаматтық-құқықтық қарым-қатынас жасаған уақытта заңға сәйкес тиісті келісімшарт, шот-фактура, төлем құжаттары, барлығы ресімделеді. Алайда, біраз уақыт өткеннен кейін, бізге мемлекеттік кірістер басқармасынан жалған кәсіпкермен жұмыс жасағанымыз туралы хабарлама келіп, бізді жауапқа тартады. Бұл өз кезегінде компаниямыздың белгілі бір шығынға ұшырауына себепші болып отыр», – дейді ол.

Қызылорда облысының құрылысшылар Қауымдастығының төрағасы Манарбек Еспенбетов қазір қызылордалық құрылыс компанияларының 90 пайызы осы мәселемен кездесіп отырғандығын жеткізді.

«Қазір қызылордалық құрылыс компанияларының 90 пайызы жалған кәсіпорындардың кесірінен банкротқа ұшырау алдында тұр. Жалған кәсіпорындармен жұмыс жасалғаны анықталған компанияларға алды 20-40 млн.теңгеден 350 млн. теңгеге дейін қосымша салықтар төлеу жөнінде хабарламалар келіп жатыр. Ең сорақысы, биыл күшіне енген заң бойынша салық органдарының мамандары істі сотқа дейін жеткізеді, ал сотта кәсіпкерлер өздерінің кінәсіздігін дәлелдеуге құқы жоқ. Мұндай проблемамен бізге дейін ресейлік кәсіпкерлер де кездесті. Алайда, олар заңға тиісті өзгеріс енгізіп, нәтижесінде кәсіпкер өзінің кінәсіздігін дәлелдей алатындай мүмкіндікке ие болды. Бізде де осындай бір шара қабылданбаса, ертеңгі күні бір ғана Қызылорда облысының кәсіпкерлері емес, республика көлемінде қиындыққа тап боламыз», - деді Манарбек Еспенбетов.

Өз кезегінде бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов бұл проблеманың қазір барша қазақстандық кәсіпкерлерге ортақ мәселе екендігін айтты.

«Бұл өте күрделі мәселе. Қазір барлық облыста дерлік осындай жағдай орын алуда. Бір жалған кәсіпорынның салдарынан оншақты адал қызмет атқарып отырған компаниялар жабылып қалып жатыр. Бұл мәселені бүгін мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың және облыс прокурорының алдында көтердім. Ең сорақысы, көп жағдайда кәсіпкер жалған компаниялардың салдарынан қосымша төлем төлейтіндігін соттың шешімі шығып болғаннан кейін біліп жатады, яғни шешім кәсіпкердің сыртынан, сот отырысына қатыспай-ақ шығарыла береді. Осы ретте, біз қазір мәселені Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевпен талқылаудамыз. Негізі сотқа дейін істің анық-қанығын анықтайтын арнайы бір орган болғаны дұрыс. Сондықтан да бүгінгі таңда әзірленіп жатқан біріккен салық және кеден Кодексіне осы ұсынысты бір тармақ ретінде енгізуді көздеудеміз», – деген Болат Палымбетов мәселенің күрделілігін ескере отырып, қызылордалық тиісті органдардың бұл проблеманы шешу бағытында жасап жатқан жұмыстарына риза болғандығын жеткізді.

Атап айтқанда, бизнес-омбудсмен мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері құрамына Кәсіпкерлер палатасының өкілдері енген облыстық прокуратура жанындағы жалған кәсіпкерлікке қарсы күрес жөніндегі ведомоствоаралық штабтың жұмысы бұл мәселені жедел шешудегі бірден-бір құрал екендігін айта келе, Қызылорданың тәжірибесін республика көлемінде де қолдануға болатындығын айтты.

Кездесу соңында, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов осы және өзге де шарада көтерілген маңызды мәселелерді республикалық деңгейде шешу үшін тиісті шаралардың қабылданатындығын жеткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер