«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шағын бизнеске қолдау, жеке ісіңізге кеңес алыңыз

2016 жылғы 14 Сәуір
- Қызылорда облысы
7250 просмотров

Қызылорда өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстың іскерлік ахуалын жақсарту мақсатында жаңа жобаларға қолдау көрсетіп, кәсіпкерлерге түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын белсенді жүргізуде

Жыл басынан бері Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы 1087 азаматқа 2069 кеңес беріп, 824 кәсіпкерге 953 қызмет көрсетті. Оған қоса 282 азамат «Бизнес кеңесші» курсынан өтті. Жуырда ғана жалпы құны 145 млн.теңге болатын 6 жаңа жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде қолдау тапты. Кеңес қарауына  түскен жобаларды ұсынушылар негізінен денсаулық сақтау, құрылыс материалдарын шығару мен тамақ өндірісі және жүк тасымалымен айналысуды межелеп отыр. 

Мысалы, өткен айда Палатаның қолдауымен Қызылорда облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алуға байқау жариялаған болатын. Грант кәсіпкерлер ұсынған жаңашыл жобаларға қайтарымсыз және кепілзатсыз беріледі. Жоба ұсынушы талапкерлер «Бизнес кеңесші» курсында ақысыз оқыды. Сондай-ақ кәсібін жаңадан бастаған жандарға 10 пайыздық өз үлесі  және бизнес-жоспары болуы керек деген шарт қойылды. Нәтижесінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантқа ие болған start-up жобаларына қатысушылардың есімдері белгілі болды. Бизнесті жаңадан бастаған өңірлік кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 300 мың теңгеден 3 млн.теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар бөлінді. Басты талап –  жоба өміршең болуы тиіс.

Ұсынылған 33 жобаның арасында 7 жоба қаржылай қолдау тапты. Бұл бизнес-идеялардың қатарында сұлулық салонын ашу, темірден жасалған жиналмалы  киіз үй жасау цехы, жалюзи жасау, макарон цехын ашу жобалары бар. Мәселен, Арал ауданының тұрғыны Нұрбек Сексенбаев  омарташылық кәсібі мен бал өндірісіне қатысты жоба ұсынып, 1 млн теңге грант ұтып алды. Шиелі ауданының  тұрғыны Қалима Жұматай сөк, талқан, жентті қораптап шығару бастамасын ұсынған. Жеке кәсіпкер  Күләйша Әлиханова грант қаражатына Жаңақорған ауданы Төменарық кентінде сұлулық салонын ашуды жоспарлап отыр. Мемлекет қолдауымен несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған  «Мырзақұлова» ЖК қабырға блоктарын өндірумен, яғни қиыршық құмнан дайындалатын құрылыс материалдар өндірісімен айналысады. 20 млн. теңгеге рәсімделген несиеге кәсіпорынның өндіріс қуатын арттырып, табысын көбейтуге мүмкіндік беретін жаңа құрал-жабдықтар сатып алуды жоспарлаған. Бағдарлама аясында кәсіпкердің несие үстемесі 14%-дан  4%-ға дейін төмендетілетін болды.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Қызылорда облысында кәсіпкерлерге қолдау көрсету «Ақниет» бағдарламасы арқылы да жүзеге асып келеді. Бағдарлама грантын иеленген Жалағаш ауданы Ақарық аулының тұрғыны Жанат Төлешова шағын наубайхана ашқан. «Ашылғанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен тұрақты жұмыс кестесін жасап үлгердік. Күніне 150 бөлке нан пісіреміз. Алда кәсібімізді кеңейтуді, басқа да нан өнімдерін дайындауды жоспарлап отырмыз. Нанды тұрғындар сұранысына сай ауылдағы дүкендерге таратамыз. Мен сияқты жұмысын енді бастаған адамдарға қайтарымсыз гранттар көп көмегін тигізеді», – дейді ол. 

Сонымен бірге, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен елді мекендерге кеңес беру  жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, 13 сәуір күні Палата тегін көрсететін 8 қызмет түрі бойынша ауыл кәсіпкерлеріне түсіндіру шарасы өтті. Бұл туралы ӨКП директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Ауыл тұрғындарының кәсіппен шұғылдануға қызығушылықтары да жоғары. Көп  жағдайда ақпараттың жеткіліксіздігінен ауылдағы ағайын кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдау туралы біле бермейді. Палатаға келіп ақпарат алуға тұрғындардың барлығының жағдайы келмейді. Сондықтан да біз кеңесшілерді ауылдарға жіберіп, көшпелі кеңес өткізіп жатырмыз. Әзірге Қызылорда қаласына қатысты ауылдық округтерді аралаудамыз. Алдағы уақытта аудандарда да осы жұмысты жүргізу жоспарымызда бар», – дейді.

Бұл бизнеске қолайлы жағдай туғызу, кәсіп ашуға қолдау жасау мақсатында  жасалған жұмыстардың бірі ғана. Қолдау шараларын одан әрі жалғастыруды уақыттың өзі талап етіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер