«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бастысы – ниет болсын

2016 жылғы 13 Қаңтар
- Қызылорда облысы
12690 просмотров

Жалағаш ауданының 41 кәсіпкері Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен грант ұтып алды

ӨКП консультанттары ісін бастаушы кәсіпкерлердің бизнес‑жоспар құрып, банктен кредит алуына құжаттар топтамасын жинауына көмектесті.

Өңір басшысы ісін бастаушы бизнесмендерге өтемсіз 81 «Демеу» грантын бөлді. «Байқоңыр» ӘКК» ҰК АҚ өткен жылдың қараша айында «Қармақшы және Жалағаш аудандары микробизнес субъектілерін қолдау» гранттық бағдарламасын жүзеге асырудың басталғаны жайлы хабарлаған еді.

Бағдарлама мақсаты 1 миллион теңгеге дейінгі көлемдегі гранттар бөлу жолымен жұмыссыз әйелдерді, дене мүмкіндігі шектеулі жандарды, жұмыссыз жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту арқылы кәсіпкерлік құру және оны дамытуды ынталандыру болып табылады. Бағдарламаның жалпы бюджеті 50 млн.теңгені құрайды.

«Ауданымыздың тұрғындары байқау жарияланған бетте қатысуға тілек білдіріп, консультация сұрап келді. Консультанттарымыз 158 әлеуетті қатысушыға бизнес‑жоспар құруға және басқа да құжаттарды жинауға көмектесті. Нәтижесінде Жалағаштың 41 тұрғыны грант иегері атанды», - дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Жалағаш аудандық филиалының директоры Мақсат Мүбәрак.

Грант иегерлерінің бірі - Орынбек Шаймағанбетов бірінші топ мүгедегі. Өмірдің ауыртпалығына қарамастан, 2012 жылы тігін цехын ашқан еді. Кәсіпкер Палата қызметін 2014 жылдан бері пайдаланып жүр. Орынбек ӨКП‑ға алғаш келгенде мемлекеттік қолдау құралдары мен түрлері бойынша консультация алып, «Даму» АҚ арқылы тігін машинасын алған еді. Ол өткен жылы ісін кеңейтуге шешім қабылдап, Палата консультанттары дайындаған бизнес‑жоспардың арқасында «Қызылорда» өңірлік орталығы арқылы 750 мың теңге мөлшерінде жеңілдікті кредит алды.

«Кәсіпкерлер палатасы біз сияқты ісін бастаушы бизнесмендерге зор көмек көрсетеді. Өткен жылы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының байқау жайлы хабарландыруын көріп, Палатадан тағы да көмек сұрап келдім. Нәтижесін көріп отырсыздар, 500 мың теңге көлеміндегі грантты ұтып алдым. Елімізде жеке іс ашуға жағымды жағдай жасалған. Тек ниет, табандылық пен батылдық болса болды!», - дейді Орынбек Шаймағанбетов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер