«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Неліктен фермерге субсидия беруден бас тартылды?

2015 жылғы 14 Желтоқсан
- Павлодар облысы
13338 просмотров

Мемлекет бөлетін субсидиялар кәсіпкерлерге жетпей қалып жатыр

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында аталмыш түйткіл талқыға салынды. Онда мемлекеттік бағдарламада көзделген субсидияны ала алмай жүрген «Манап» шаруа қожалығы мысалға алынды.

Соңғы жылдары мемлекеттің ауылшаруашылық тауар өндірушілер өнімінің бәсекеге қабілеттілігін көтеру мақсатында аграрлық секторға қолдауды күшейткені белгілі. Мемлекеттік қолдау – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау аясында фермерлерге мал басының сапасын жақсарту үшін жүргізілетін селекциялық және тұқымдық жұмысқа жұмсалған шығындарының орны толтырылады. Алайда аталмыш субсидиялар кейде кәсіпкерлерге жетпей қалып жататын болып шықты.

2013 жылы Щербақты ауданындағы «Манап» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсіру мақсатында «Галицкое» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бұқа сатып алады.

Шаруа қожалығының басшысы Манап Әубәкіровтің айтуынша, 2014 жылы қожалыққа 540 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік субсидия төленеді. Ал 2015 жылы субсидия төлеуден бас тартылады.

Павлодар облысы ауылшаруашылық басқармасы бөлімінің басшысы Кайырболат Байсариновтың айтуынша, субсидия алуға өтінімдер ҚР Ауылшаруашылық министрлігі дайындаған «ИАС» базасының негізінде жасалады.

«2013 жылы басқарма атына Щербақты ауданы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінен «Манап» ШҚ субидия алуына өтінім келген жоқ. Өтінім келіп түскенде міндетті тәртіпте есептік нөмір беріледі. Менің білуімше, аталмыш ШҚ өтінімі тіркелмеген. 2015 жылы аудандық бөлімнен «Манап» ШҚ құжаттары басқармаға келген жоқ. «Манап» ШҚ өтінімі бойынша «ИАС» базасында «нөл» деп белгіленген, яғни базаға сәйкес сатылып алынған асыл тұқымды бұқа 2013 және 2014 жылдары пайдаланылып қойған», - дейді Қайырболат Байсаринов.

Кеңес мүшелері бұқаның 2013 жылы пайдаланылуы мүмкін еместігіне келісті, себебі шаруа қожалығы ірі қараны 2013 жылдың қазан айында ғана сатып алған болатын. Селекциялық жұмыс екі жыл бойы - 2014 және 2015 жылдары жүргізілді. Бірақ биыл субсидия төленбеді.

«Себеп кәсіпкерлерге субсидия төлеу шарттарын түсіндірмегендіктен туындап отыр деп есептеймін», - дейді Манап Әубәкіров.

Отырыс барысында «ИАС» базасының 2012 жылы енгізілгені, бірақ тиісті түрде жұмыс жасамағаны анықталды. Басқарма өкілі «Қазагромаркетинг» қызметкерлерінің бастапқы кезеңде кәсіпкерлердің ауыл шаруашылық мал басы жөніндегі деректерді базаға енгізуге көмектескенін түсіндірді. Осыдан кейін кәсіпкерлер деректерін базаға өздері енгізуге тиіс болған, бірақ бағдарламада жұмыс жасауға үйренбейді. Техникалық қателік жіберілуі мүмкін. Сонда мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларын жүзеге асыруға жауапты басқарма өкілдері неліктен бұл туралы «Манап» шаруа қожалығына хабарламады деген сұрақ туындайды.

Кәсіпкерлер палатасы Павлодар облысы ауыл шаруашылық басқармасына Щербақты ауданына бағынышты бөлімнің «Манап» ШҚ селекциялық-тұқымдық жұмыс үшін субсидия төлеуге арналған құжаттарын қабылдаудан бас тартып отырғанын түсіндіруді сұрап жүгінді. 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер