«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балықшы екі рет төлемеуге тиіс пе?

2015 жылғы 19 Қазан
- Атырау облысы
11336 просмотров

Атырау облысының балық аулаушы кооперативтері балық аулағаны үшін бюджетке жасалатын төлем мәселесін түсіндіруді сұрайды

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына өңірдегі шаруашылық етуші субъектілерден өтініш келіп түсті. Атап айтсақ, «Ракуша», «Амангелді атындағы» өндірістік кооперативтер және «СевКаспийФиш» ЖШС мен Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жанурлар дүниесі инспекциясынан ҚР Салық кодексіне сәйкес жануарлар дүниесін арнайы пайдаланғаны үшін бюджетке жасалатын төлем сомасына қатысты өтініш келді. Өтініш иелері Атырау облысы ауыл шаруашылық басқармасының төлем жасаушының жаңа рұқсатты алуға өтінім беру кезінде төлем сомасын жаңа өтінімде көрсетілген жануарлар саны (су жануарларының жекелеген түрлері үшін салмағы) мен белгіленген мөлшерлемеге қарай санауға қатысты талабымен келіспей отыр. Яғни бұрын төленіп қойған көктемгі квота бойынша төлем қалдығына қарамастан, қайтадан төлеуге тиіс.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы осыған орай Атырау облысы ауыл шаруашылық басқармасының қалыптасқан жағдайды түсіндіруін сұрады. Анықталғандай, аталмыш мәселені жергілікті балық аулау шаруашылықтары бұрын да көтерген екен. Атап айтқанда, олар ақша қаражатын есептеуді бұрын берілген рұқсаттар бойынша бюджетке алдында жасалған төлем бойынша ауланбаған балық саны (салмағы) бөлігінен қалған сомамен жүргізуді сұрады. Балықшылардың ойынша, қаржы жылының соңына дейін олар бюджетке төленген қаражатты пайдалануға құқылы. Бұл сома Салық кодексінің 502 бабы 3 тармағына сәйкес қайтарылуға жатады. Ауыл шаруашылығы басқармасы өз кезегінде үстіміздегі жылдың ақпан айында ҚР Қаржы министрлігіне жоғарыда аталған мәселе төңірегінде балық шаруашылығы субъектілері жасаған өтініштің заңдылығы туралы түсінік беруді сұрап хат жазды. Осы жылдың наурыз айында ведомстводан жауап хат келіп, онда «…төлем жасаушы жаңа рұқсат алуға қайтадан өтінім берген кезде төлем сомасын жаңа өтінімде көрсетілген жануарлар саны (су жануарларының жекелеген түрлері үшін салмағы) мен белгіленген мөлшерлемеге қарай есептейтіні» көрсетілген. Яғни өтінім иесі жаңа өтінім үшін бұрын қандай сома төлегеніне қарамастан, қайтадан төлеуге тиіс. Мемлекеттік орган өз қызметінде аталмыш хатты басшылыққа алған.         

Дей тұрғанмен, балық аулау кооперативтері бұған келіспейді. Олардың өтініші Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы аптаның әрбір бейсенбісінде Атырау облысы прокуратурасымен бірге өткізетін Ашық есік күні барысында қаралды.

«Көктемгі балық аулау маусымында уақытымыз тым тығыз. Осы уақыт ішінде бөлінген лимитті түгел игеру мүмкін емес. Орал өзеніндегі мұз 1-25 сәуір аралығындағы кезеңде ериді. 5 күн жұмыс істеп, 3 күн демалатынымызды ескере отырсақ, көп дегенде 13 күн аулауға болады. Теңіздегі жағдай да осындай. Рұқсаттың жыл соңына дейін берілуін сұраймыз. Мәселен, наурыз басынан сәуірге дейін, ал одан кейін қалған лимитті қыркүйек пен мұз қатқанға дейін игере алар едік», - деп есептейді «Ракуша» өндірістік кооперативінің директоры Сырлыбай Қожамұрат.

Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Сабырбек Нұрышев балықшылардың пікірін тыңдап шығып, қадағалау органының аталмыш мәселені бақылауға алатынын атады. Ашық есік күні қорытындысы бойынша ауыл шаруашылық басқармасы Атырау облысы бойынша мемлекеттік табыс департаментіне аталмыш мәселе бойынша нақты түсінік беруді сұрап хат жолдады.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жауапты алғаннан кейін аталмыш мәселе бойынша ақтық шешім шығару мақсатында барлық мүдделі тараптардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізбекші.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер