«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық бизнесмендер колледждерді қамқорлыққа алады

2015 жылғы 29 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
12863 просмотров

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіптік колледждер жанындағы қамқорлық кеңеске ірі кәсіпкерлерді қосуды ұсынады. Қамқорлық кеңесінің құрамына кіргізілген бизнес-қоғамдастық өкілдері жергілікті билікпен бірге білім беру мекемесінің өзекті мәселелерін шешеді деп күтілуде.

Атап айтқанда, бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқытушылық құрамның сапасын көтеруге көмектеседі, және де ең бастысы колледждердің стратегиялық дамуын жақсартады.

Кәсіпкерлер палатасы мысал ретінде былтырғы жылдан бері колледждерге корпоративтік басқаруды енгізу жобасын табыспен жүзеге асырып жүрген Қызылорда индустриялық-техникалық колледжінің тәжірибесін алға тартады.

Жобаны Кәсіпкерлер палатасы облыстық білім беру басқармасымен бірге пилоттық режимде жүзеге асырды. Ол үшін Қызылорда индустриялық-техникалық колледжі «алғашқы қарлығаш» ретінде сервис және қызметтер саласын таңдады. Жоба аясында «Тамақтануды ұйымдастыру», «Маркетинг», «Тоңазытқыш жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету» мамандықтары бойынша дуалды оқу формасының элементтері енгізілді. Қызылорда индустриялық-техникалық колледжі корпоративтік басқару үшін сервис және қызмет көрсету саласында Кәсіпкерлер қауымдастығын құрды. Оның құрылтайшылары «Best Servise LTD», «РАИМ», «K-group» ЖШС болып табылады.

Жобаның басымдылығы: біріншіден, мамандарды даярлауға бизнес-қоғамдастық өкілдерін кеңінен тарту, екіншіден, дуалды оқытуды енгізген колледждерге кәсіптік-техникалық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бағыттау, үшіншіден, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне дуалды білім беру қағидаттарын енгізу.

Қауымдастық құрылтайшыларының бірі, өңірлік кеңестің төрағасы Асқар Махамбетов жеке қаражаты есебінен оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жобалау-сметалық құжаттарды дайындады. Келер жылы колледж бюджеттен бөлінген қаражат есебінен толығымен жөндеуден өтеді.

Сонымен қатар, өткен оқу жылында Қауымдастық құрылтайшылары бар жағдайды жасап, дуалды оқу жүйесі бойынша білім алып жатқан студенттерге іс-тәжірибеден және өндірістік оқудан өту үшін өз кәсіпорындарын берді. 

Қазірде облыста дуалды білім беру жүйесі бойынша 407 студенттің білім алып жатқанын атап өту керек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер