«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сыр еліндегі кәсіпкердің 430 мың теңгеден астам қаржысы үнемделді

2017 жылғы 26 Сәуір
- Қызылорда облысы
5206 просмотров

Қызылордалық кәсіпкер 533 549 теңгенің орнына 103 000 теңге төлейді

Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының кеңесшісі Шыңғыс Қадіров қазалылық кәсіпкердің 430 мың теңгеден астам қаржысын сотта қорғап қала алды. Бұл туралы Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының директоры Ермек Аймаханов айтты.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы қазалылық «Жалаңтөс» ЖШС-нен 518 009 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 15 540 теңге мемлекеттік баж алымын өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

2016 жылы 29 сәуірде «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы мен «Жалаңтөс» ЖШС арасында суару суын жеткізу жөніндегі қызметтер көрсету келісім шарт жасалады.

Келісім шартқа сәйкес «Қазсушар» мекемесі 2016 жылдың 31 мамырында, 30 маусымында, 31 шілдесінде және 15 тамызында суландыру үшін суармалы суды жеткізу жөніндегі қызмет көрсету актілеріне сәйкес кәсіпкерге 31 620 000 текше метр суармалы суды жеткізіп, жалпы көлемі 10 553 492 теңгеге қызмет көрсеткен және көрсеткен қызметіне сай шот-фактура ұсынған.

Қызмет көрсетуші мен кәсіпкер арасында жасасқан шарт бойынша көрсетілген қызмет ақысын жазылған шоттар оған берілген күннен кейін 10 күн мерзімде төлеу қажет.

Алайда кәсіпкер өз міндеттемесін уақытынан сәл кеш, бірақ толық аударады. Ал «Қазсушар» мекемесі жасалған шартта көрсетілген тармақты негізге ала отырып, тұрақсыздық айып сомасын есептеп, кәсіпкерге 518 009 теңге төлеуді талап етеді.  

Сотта «Жалаңтөс» ЖШС атынан қатысқан Кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының кеңесшісі Шыңғыс Қадіров кәсіпкердің қызмет ақысын төлеуден жалтармағанын, тек қаржылық қиындықтарға байланысты, яғни мамыр-тамыз айларында салыққа, еңбек ақыға, жанар-жағар майға, қосалқы бөлшектерге, электр энергиясына, банк шығындарына, тыңайтқыштарға шығыстары болғанын, сондықтан көрсетілген қызметке ақыны кешіктіріп төлегендігін алға тартып, дәлелдеме құжаттарын көрсете отырып, тұрақсыздық айыппұлының көлемін азайтуды сұрады.

Сот талап қоюшыға залал келмегенін, жауапкердің ауыл шаруашылығымен, яғни егін егумен айналасатынын, сондықтан негізінен қаржылай кірістер күз айында болғанын, сондай-ақ қызмет ақы бойынша төлемдерді осы күнде толық төлегенін, кешіктіру мерзімі тым ұзақ емес екенін ескеріп, тұрақсыздық айып сомасын 518 009 теңгеден, 100 000 теңгеге дейін, мемлекеттік баж алымын 15 540 теңгеден 3 000 теңгеге төмендету туралы шешім қабылдап, кәсіпкерден 103 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Нәтижесінде қазалылық кәсіпкер 430 мың теңгеден астам қаржысын үнемдеп кала алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер