«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы қаласында ENACTUS Kazakhstan Business Collaborationжастар бизнес-форумы өтті

2022 жылғы 29 Қараша
- Алматы қаласы
7468 просмотров

Алматы қаласында өткен Enactus Kazakhstan Business Collaboration Forum республикалық форумының аясында  ENACTUS қорының серіктестері ұйымдастырған жалпы сомасы 10 млн теңгені құрайтын  арнайы конкурстардың жеңімпаздары мен жартылай финалистері анықталды.

Жаңа оқу маусымының бастауы болған дәстүрлі күзгі форум Қазақстанның университеттері, колледждері мен мектептерінен ENACTUS жобасының 1000-ға жуық қатысушысын қамтыды. Жастар өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа жобаларды қолға алды. Оның қорытындысы көктемде Ұлттық кубокта көрсетіледі.

Beeline «Жарқын жақта өмір сүр» цифрлық стартап байқауының финалистері атанған  Талдықорған қаласындағы  физика-математика бағытындағы Назарбаев мектебінің оқушылары  1 млн теңге грантқа ие болды,  Ал,  Алматы қаласындағы КБТУ және Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университет студенттеріне 500 мың теңгеден табысталды.

«Бүгін біз Beeline IT жобалар байқауының финалында дубляж арқылы қазақ тілді контентті көбейту мақсатында  қолға алынған  «Senber» жобасын таныстырдық. Біз 2-орын иелендік,  өте қуаныштымыз. Қазіргі  таңда  жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан жастарын біріктірген форум біздің команда үшін үлкен істің бастауы болды. ENACTUS тек жобалар мен байқаулар ғана емес, бұл барлық жастарды көшбасшылыққа ұмтылуға шақыратын, сыйластық пен достықты бірінші орынға қоюға үйрететін мүмкіндіктерге толы орта және алаң. ENACTUS ұйымдастырушыларына, демеушілеріне және серіктестеріне бізге сенім білдіргендері  үшін алғыс айтамыз!», - деді  Enactus Korkyt ata  командасының мүшесі Қарақат Оңғар.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов пен ENACTUS Kazakhstan президенті Альбина Ержанованың атынан ENACTUS World Cup 2022 әлем чемпионатының жартылай финалисті – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетінің командасы марапатталды.

Сондай-ақ, Enactus Kazakhstan бағдарламасының платинум демеушісі  «Олжа Агро» агроөнеркәсіптік холдингі  жастардың ауыл бойынша бизнес-идеялары және KazMicroFinance «KMF-Демеу» оқушылардың қаржылық сауаттылығын дамыту тақырыбындағы  арнайы конкурстардың алдын ала қаралымын өткізді.

«ENACTUS жобалар көрмесіне қатысу, форум қонақтарынан одан әрі даму жөнінде пікірлер мен ұсыныстар алу өте қызықты болды. Форумның салтанатты ашылуы, командалар шеруі ұмытылмас әсер мен ерекше эмоциялар қалдырды. Шынымды айтсам, команда капитаны ретінде жауапкершілікке жүктелгеннен кейін бұл форумның әсері мүлдем өзгеше болды. Біз KMF компания тобының арнайы конкурсы бойынша сессияға қатыстық. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Менің командамның әрбір қатысушысы шабытпен қатар алдағы белсенді жұмыс үшін мотивация алды десем болады. Барлық ENACTUS командаларының атынан  ENACTUS  Kazakhstan президенті Альбина Ержановаға кәсіби және жеке өсу мүмкіндіктері үшін алғысымды білдіргім келеді», – деп бөлісті Enactus Dulaty командасының капитаны Зере Сламбек.

«Олжа Агро» агрохолдингінің «Жерге деген іңкәрлік, адамға деген қамқорлық» атты арнайы байқауында топ жарып, жоба ұсынған Enactus Yassawi командасының капитаны Бекзат Әбсадық өз эмоцияларымен бөлісті.

«Ауылдағы бизнес-идеяға байланысты байқау  бізді қатты қызықтырды. ENACTUS-тың әрбір оқиғасы менің жадымда көптеген жағымды естеліктер қалдырады. Бұл күндер жаңа таныстықтарға, жаңа ортаға, идеяларға және ең бастысы тәжірибеге толы болды. Өткен жылы мен өзіме ENACTUS-тағы ең белсенді командалардың бірі болуға уәде бердім және  әрі қарай да біз оған ұмтылатын боламыз. Қостанай облысында ұйымдастырылған  ENACTUS Kazakhstan Leadership Camp’22 жазғы іскерлік лагерінде  біз үлкен отбасындай болып кеткен келген қатысушыларды форумда қайта көргеніме қуаныштымын», – деді Бекзат Әбсадық.

Форумның мақсаты – еліміздің дарынды жастарының мүмкіндіктерін кеңейту, инновациялық жобалар мен стартаптарды қолдау және жүзеге асыру үшін жағдай жасау.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер