«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік кірістер комитеті халықаралық салық салу нормаларын ескермейді – Ұлттық палата

2022 жылғы 10 Тамыз
7059 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салықтық тексерулердің нәтижесі бойынша апелляцияларда кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға қатысты жұмысты жалғастырып жатыр. ҰКП сарапшылары салық және онымен байланысты заңнаманы заңсыз қолдану нәтижесінде қосымша есептеуді алып тастаудың негізінің бірі – халықаралық салық салу мәселесі болып қалатынын атап өтті.

Салық органдары бақылау барысында Салық кодексінің, қосарланған салық салуды жою жөніндегі халықаралық конвенциялардың ережелерін, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның Қазақстан Республикасындағы салық құқығының көзі болып саналмайтын Модельдік конвенциясына түсініктемелерді еркін қолданады, деп атап  өтті ҰКП мамандары.

  «Атамекен» сарапышларының мәлімдеуінше, Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері резидент емес компанияларға техникалық қолдау және бағдарламалық өнімдердің жұмысын сүйемелдеу бойынша көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлейтін қазақстандық салық төлеушілерге салық міндеттемелерін қосымша есептейді. Осы қызметтер бойынша қазақстандық тұтынушыларға ешқандай лицензиялық немесе заңмен қорғалатын басқа да құқық берілмеген. Соған қарамастан мұндай қызметтерді салық органдары роялтиге жатқызады және оларға корпоративтік табыс салығын салады.

 Қаржы министрлігінің Салық және кеден даулары жөніндегі апелляциялық комиссиясы қараған соңғы жағдай бойынша отандық компания салықты қосымша есептеуге қатысты шағым түсірді. Компания техникалық қолдау қызметтерін көрсету бойынша ақпараттық технологиялар саласындағы келісімшарт шеңберінде француздық резидент емес компаниямен ынтымақтасқан. Келісімшарт бойынша резидент емес компания лицензиялар, бағдарламалық қамтамасыз ету және басқа IT-блоктарға қатысты барлық құқықты сақтап қалды.

 Резидент еместердің мұндай кірістеріне салық салу мәселелері қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы екі жақты конвенциялармен реттеледі (мысалға келтірілген жағдайда Қазақстан мен Франция арасында). Мұндай халықаралық келісімшарттың мәні – екі мемлекет арасындағы табыс салығын салу саласын нақты ажырату және қосарланған салық салуға жол бермеу.

 Бастапқыда салық салушы және салық органы арасындағы дау камералдық бақылау нәтижесінде туындады. Соның нәтижесінде компания бұзушылықты алып тастау туралы хабарлама алған. Мемлекеттік кірістер комитеті резидент емес компанияға төлемдерді босатудың заңсыз екенін танып, қазақстандық бюджетке салық сомасын төлеу қажеттігі туралы шешім шығарды. Бұл дау екі жылға жуық уақытқа созылды. Кәсіпкер салықшылардың тұжырымымен келіспегендіктен, тақырыптық салықтық тексеру тағайындалды. Тексеру нәтижесінде аталған төлемдер роялти ретінде бағаланды, ал қосымша есептелген салық сомалары ЖШС-ға салынды. Әрі қарай салықтық тексеру нәтижелеріне шағым түсірілді.  Ұлттық палата бұл мәселені Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен ұзақ уақыт талқылады.

 Нәтижесінде шағымды Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың төрағалығымен өтетін Апелляциялық комииссия объективті қарады.  Комиссия келісімшарт талаптарын, орындалған жұмыстардың актілерін, бухгалтерлік есеп және басқа да құжаттарды қоса алғанда, бүкіл салық төлеу деректерін егжей-тегжей талдады. Халықаралық заңнама ережелерінің негізінде апелляциялық комиссияның барлық мүшесі резидент емес компанияның төленген кірістері роялти ретінде қарастырыла алмайды және Қазақстанда коммерциялық пайда ретінде салық салудан босатылуға жатады деген қорытындыға келді (Конвенцияның 7-бабының 1-тармағына сәйкес). Апелляциялық комиссия техникалық қолдау қызметтері бойынша хабарлама мен салықты қосымша есептеуді алып тастау туралы шешімді бірауыздан қабылдады.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл іс Мемлекеттік кірістер комитеті үшін халықаралық салық салу ережелерін түсіндіру мәселесінде прецедент жағдай болатынына сенім білдіреді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер