«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» тауарға жөнелтпе құжатты алып тастауды қолдайды

2022 жылғы 02 Ақпан
13640 просмотров

Бизнес-қауымдастық тауарға жөнелтпе құжатты енгізуге келіспеушілігін қайта білдіре бастады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ұлттық экономика министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетіне тауарға жөнелтпе құжатты алып тастауды ұсынды.

Кәсіпкерлер есеп бағдарламаларын жетілдіру, қолданыстағы баптауларды ауыстыру үшін шығындалып жатыр. Шығын көлемі ондаған миллион теңгеге жеткен. Бұл жүйе техникалық тұрғыда қатып қалып, адамдар қатені реттеу үшін уақыт жоғалтып, әлек болып отыр.

 «Пилоттық жобаның өзі бизнеске кедергі келтіріп жатыр, өйткені кәсіпкерлерге үнемі тауарға жөнелтпе құжат жазып отыруға тура келеді», – деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП  Шағын және орта бизнес комитетінің төрағасы Берік Зайыров.

 Берік Заировтың Instagram-дағы жазбасына кәсіпкерлер «Тауарға жөнелтпе құжатты жою» белгісімен 2 мыңнан аса, сондай-ақ Facebook-те 45 пікір қалдырған. Желі пайдаланушылары «бұл құжат қисынсыз, оның пайдасы да, аналитикасы да жоқ» деп жазды. Сонымен қатар, бухгалтерия қызметкерлері бұл құжаттың машақаты оларға ауыр тигенін, бос уақытты отбасымен өткізудің орнына олар тауарға жөнелтпе құжат толтыруға мәжбүр болғанын атап өтті.

 «Пилоттық жобаның өзі бизнеске кедергі келтіріп жатыр, өйткені кәсіпкерлерге тауарға жөнелтпе құжат жазып отыруға тура келеді. 2021 жылдың 1 қазанынан бастап алып тастау тізбесіндегі тауарлар бойынша жаңа пилот іске қосылды. Демек, кәсіпкерлердің көпшілігі, тіпті шағын өндіріс иелері алып тастау тізбесіне кірген  тұшпара, манты, вареник секілді жартылай дайын өнімдерге де жөнелтпе құжатты толтыруға мәжбүр», – деп түсіндірді Берік Зайыров.

Салық кодексінің 2020 жылдан бастап тауарға жөнелтпе құжатты енгізу туралы нормасы 2017 жылы қабылданды. Ал ақпараттық жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуі керек еді. Алайда, 2022 жылы кәсіпкерлер оңай пайдалана алатын, кедергісіз жұмыс істейтін ақпараттық жүйе әзірленбеді.

 «Мемлекеттік кірістер комитеті олқылықсыз әрі үздіксіз жұмыс істейтін ақпараттық жүйе құруға 4 жыл жұмсады. Алайда техникалық, сондай-ақ әдістемелік сипаттағы проблемалар шешілмей келеді. Сондықтан кәсіпкерлер тауарға жөнелтпе құжатты алып тастау мәселесін көтеріп отыр. Біз бизнеспен бірлесіп, Мемлекеттік кірістер комитетіне пилотты енгізуге көмектесуге тырыстық. Жүйені күні-түні тестілеп, қате тауып, оларды жою бойынша шешімдер ұсындық. Өкінішке қарай, әлі де шешілмеген түйткіл көп. Әр аптаның бейсенбісінде өтетін әр жаңарту кезінде ақпараттық жүйеде жаңа қателер шығады немесе бұрын пайдаланылған қызметтер істемей қалып жатады. Осыған байланысты, тауарға жөнелтпе құжатты қолдану заң жүзінде күшін жоюы тиіс», – деп атап өтті ҰКП Салық салу департаментінің директоры Жеңіс Жанболатова.

ҰКП мамандарының айтуынша Мемлекеттік кірістер комитеті тауарға жөнелтпе құжатты рәсімдеуге талаптарды бірнеше рет өзгерткен. Соның салдарынан бұл құжат электронды шот-фактураның қайталауы болып кетті. Кәсіпкерлер электронды шот-фактураны  ЕАЭО тауарларын бақылау шеңберінде 2016 жылдан бері толтырып жүр.

 «Мемлекеттік кірістер комитеті 2015 жылы қол қойылған Бурабай хаттамасына және Қазақстан 2020 жылы ратификациялаған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау механизмі туралы келісімге сілтеме жасап отыр.  Екі құжатта ЕАЭО шеңберінде тауарларды қадағалау қажеттігі көзделеді. Алайда, қазір де, бұрын да ұлттық қадағалау жүйесінің жөнелтпе құжаттары қадағалау жүйесін іске асыруда электрондық шот-фактура негізгі құжат саналады. Бұл ретте 7 жыл ішінде ЕАЭО-ға бірде-бір одақтас мемлекет Қазақстанда ЕАЭО шеңберінде тауарлардың бақыланып жатпағаны туралы мәселені көтерген жоқ», – деді Жеңіс Жанболатова.

Еске салайық, Мемлекеттік кірістер комитеті тауарларды бақылау мақсатында ТЖҚ электронды түрде шығару бойынша пилоттық жобаны 2021 жылдың басында қолданысқа енгізді. Жоба ақпараттық жүйенің көптеген қатесі мен кемшілігі бола тұра іске қосылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер