«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Көше атауын өзгерту бизнес жұмысына кедергі келтірмейді

2019 жылғы 05 Желтоқсан
9508 просмотров

Бірқатар облыста көшелер мен аудандар атауын өзгерту бойынша бастамалар кәсіпкерлер жұмысына кері әсер тигізуде

Бұл туралы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Ербол Өстеміров өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Аудан атауларын өзгерту идеясы жақсы-ақ: Зырян ауданының атауы Алтай болып өзгерді. Тарановский ауданының атауы Бейімбет Майлин ауданы болып өзгерді (...) Бұл жақсы бастама, халық өз тарихын, батырларын, жазушыларын, ақындарын білуі керек. Бірақ атау ауыстыру кәсіпкерлерге қандай проблема туындататыны жайында ОЙЛАНА БЕРМЕЙМІЗ. Ол үшін неге ойлану керек? Кәсіпкерлердің қалтасы қалың ғой – бір амалын табар», деп жазады Ербол Өстеміров.

 Жазбаның авторы көше атауларына қатысты жаңашылдықтар кәсіпкерлерге кедергі келтіретінін айтты. Мәселен, жақында ашылған, тіпті әлі табыс тауып үлгермеген дүкен бір сәтте «жаңа» көшеде орналасып қалады.

 «Сіздер жаңа атау ыңғайлы әрі жақсы естіледі деп ойлайсыздар. Алайда мәселе біз ойлағаннан да түйткілді», – деп атап өтті Ербол Өстеміров.

 «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңының 33-бабы 1-тармағына (6-тармақша) сәйкес кәсіпкер 30 күн ішінде өзінің рұқсат құжаттарын жеке қаражатына қайта рәсімдеуі қажет. Бұдан бөлек, лицензияның уақтылы қайта рәсімделмегені үшін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері 113 626 теңгеден 378 750 теңгеге дейін барады.

 «Осы ретте лицензияның түріне қарай лицензиялық алым мөлшерлемесі 7,5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін», – дейді автор.

«Атамекен» ҰКП, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңына өзгерістерді әзірледі.

 «Енді елдімекен, көше, аудан атауы өзгертілген жағдайда кәсіпкерлер лицензиясын қайта рәсімдеуге МІНДЕТТІ ЕМЕС, лицензиат және лицензия объектісінің мекенжайын өзгерту мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады», – деп түсіндірді Ербол Өстеміров.

 Осыған дейін елордалық Ақжол, Вишневская және Байырқұм көшелерін Әл-Фараби даңғылына біріктіру ұсынылған болатын. Ал Шымкенттің 24-ықшам ауданы мен 361-көшесі жаңа атауға өзгертіледі. Жалпы алғанда Орал қаласында 200-ге жуық көше және Павлодарда 13 көшенің атауы өзгереді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер