«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жұмыссыздық және қауіпті өнім: сұр импортпен қалай күресуге болады?

24 Тамыз 2020
4993 просмотров

Халықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету үшін көлеңкелі экономиканы, заңсыз, контрафактілер мен жасанды өнім ретінде ресми есептелмейтін экономикалық қызметті жою қажет.

Бірақ іс жүзінде «сұр» импорттың ауқымы орасан әрі өсуін жалғастырып келеді. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы талдауына сәйкес 2010-2018 жылдар аралығында қазақстандық тамақ өнімінің өндірісі 18,1%-дан 14,7%-ға төмендеген. Бұл қалай орын алды?

«Сұр» импорттың теріс әсерінің бірінші себебі тауарды әкелу және айналымға кіргізуде, яғни сертификаттаудағы мемлекеттік бақылау бөлігінде заңнаманың олқылықтары.

Елге әкелген уақытта импортталған жүк тұрып қалмауы үшін Кеден кодексінде қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растау арқылы өнімдерді шартты шығару (тестілеу және сертификаттау) қарастырылған.

Шартты шығару тәртібі  сырттан әкелу сәтінен бастап тауарларды 60 күн ішінде сертификаттау мүмкіндігін қарастырады, бұған шартты шығарылымға жатпайтын Өнімдер тізіміне енген тауарлар қосылмайды. Бүгінде шартты шығарылым ойыншықтар, велосипедтер, самокаттар, балаларға арналған басқатырғыш ойындар кірмейді. Қалған барлық өнімді елге кедендік органға 60 күн ішінде қауіпсіздік талаптарға сәйкестік сертификатын міндетті берумен шартты шығарылыммен әкелуге болады. Бірақ осы міндеттемелерді орындауды бақылау механизмінің болмауы себепті көп жағдайда импорттаушылар әкелінген тауарды тауар сертификатынан өтпей, сатып жіберуге тырысады.   

Кедендік органдарға қауіпсіздік талаптарына сәйкестік сертификатын  өткізбегені үшін айыппұл көлемі 20 АЕК-ті (55 560 теңге) құрайды. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша 2018 жылдың 24 маусымынан бастап 30 қыркүйегіне дейін (3 ай):

  • 11 084 тауар аталымы шығарылды;
  • Соның ішінде 413 аталымға (шығарылған өнімдердің жалпы көлемінен 4%) қауіпсіздік талаптарға сәйкестікті бағалау бойынша құжаттар белгіленген мерзімде берілмеген;
  • қауіпсіздік талаптарға сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды белгіленген мерзімде (60 күн) бермеу үшін 18 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.

2017 жылмен салыстырғанда шартты шығарылған тауарлардың 25%-ына қауіпсіздік талаптарға сәйкестікті бағалау сертификаттары сол күйі берілмеген. 

Бұл дегеніміз 2017 жылы импортталған әр төртінші тауар сертификаттаудан өтпеген.

Мұндай ситуация адал бәсекелестікке кері әсер тигізеді. Мысалға, «QazCem цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің деректері бойынша 2018 жыл ішінде Қазақстанға 125 мың тонна сертификатталмаған ирандық және қытай цементі әкелінген (деректер импортталатын цемент көлемін сертификатталған цемент көлемімен салыстыру нәтижесінде шығарылды). Бұл көлем бәсекелестікке төзе алмай, 2018 жылдың қазан айында жабылып қалған Хантау цемент зауытының өндірістік қуаттылығына тең.

Нәтижесінде Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының 250-ден астам тұрғыны жұмыссыз қалды.

Осындай жағдай тамақ өндірісінен бастап, «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын, яғни күнде тұтынуға арналған тауарларды қоса алғанда өнеркәсіптік өнімге дейін барлық салаға тән құбылыс.

Осыған байланысты «Атамекен» ҚР ҰКП шартты шығарылымға жатпайтын тауарлар тізімін кеңейтуді ұсынды. Ол үшін сарапшылар өндіріс қуаттылығына, жұмыс жүктемесіне, орналасқан жеріне және импорттаушылар тарапынан болатын жосықсыз бәсекелестік фактілеріне кеңейтілген талдау жүргізді.

Талдау нәтижесі бойынша шартты шығарылымға жатпайтын тауарлар тізіміне: көлік, цемент, кабель-өткізу өнімі, азық-түлік өнімдері, жиһаз, киім-кешек және аяқ киімді енгізу ұсынылды.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде «Атамекен» ҰКП, «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық кеңсесі және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 62 тауар позициясы: жеңіл, жиһаз өнеркәсібі, цемент, әк, көлік және кабель-өткізу өнімі бойынша шартты шығарылым шектелді. ҚР Үкіметінің қаулысына 2019 жылдың 1 қарашасында (тіркеу нөмірі №827)  қол қойылып, құжат2019 жылдың 18 қарашасында күшіне енді.

Тауарлардың қауіпсіздігіне сәйкестік сертификаты жоқ тауарларды Қазақстан аумағына шартты шығаруды шектеу сәтінен бастап цемент импорты көлемінің айтарлықтай төмендеуі байқалды.  2019 жылдың желтоқсанына қарай Қазақстанға 6 438 тонна сертификатталған цемент әкелінді, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда импорт көлемінің 30%-ға азайғанын көрсетеді (2018 жылдың желтоқсан айында елге 8 918 тонна әкелінген).

Осы ретте бұл шара импортқа қарсы бағытталмаған әрі жасанды тапшылыққа жол бермейді. Кәсібін адал жүргізетін импорттаушы өз тауарын Қазақстан аумағына кедергісіз әкеле алады. Аталған шараны қолдану отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді (14 цемент, 37 кабель зауыты, 8 авто өндіруші, азық-түлік, жиһаз, киім және аяқ киім өндіретін жүздеген өндіруші).

Ішкі нарықты қорғауға бағытталған келесі шара «Атамекен» ҰКП Техникалқ реттеу департаменті және цементті отандық өндірушілермен бірлесіп, «Сәйкестікті бағалау. Цемент сәйкестігін растау тәртібі» ҚР СТ ұлттық стандартты әзірлеуі болды (2019 жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енді).  

Импорттық цементі сертификаттау үшін сарапшы-аудиторлардың баруымен өндірісьің жай-күйіне сараптама жүргізу алғаш рет енгізілді және сертификаттың жарамдылық мерзімі 3 жылдан 1 жылға дейін қысқартылды.

Цемент өндірушілерінің мәліметі бойынша, аталған стандарттың күшіне енген күнінен бастап 2019 жылдың төртінші тоқсанында берілген сертфикаттар саны 99%-ға қысқарған (!). 2019 жылдың бес айы ішінде импорттық цементке берілген сертификаттар саны 86 пайызға қысқарған.

Бұдан бөлек, 2019 жылдың желтоқсан айында «Ғимараттар мен құрылыс нысандарының, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» ұлттық техникалық регламентті қайта қарау шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы келесі шараларды ұсынды:

  • осыған дейін ұлттық заңнамамен реттелмеген табиғи тастардан (гранит, мәрмәр, травертин) құрылыс материалдар мен бұйымдардың физикалық-механикалық көрсеткіштерін реттеу;
  • импорттық құрылыс материалдар мен бұйымдардың сертификаттауына талаптарды күшейту.

Осы ұсыныстармен ішкі нарықты  заңнама талаптарына сәйкес келмейтін құрылыс өнімдерінен қорғау көзделген.

«Сұр» импорттың ел экономикасы дамуына теріс әсер етуінің екінші себебі аккредиттеу субъектілерінің (сертификаттау органдары мен сынақ зертханалары) тауарлардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалау ережелерінің талапқа сай орындалмауы.

Бүгінгі таңда тауардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалаумен: сертификаттау, сынақ хаттамаларын беру, көлік құралы типін мақұлдау, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздік куәлігін берумен аккредиттеу субъектілері айналысады. Өнімді қолданысқа бермес бұрын (әкелу және өндіру) мемлекеттік органдар тарапынан арнайы рұқсат талап етілмейді.

Алайда өнім нарыққа өнімнің қауіпсіздігі талаптарының сәйкестігін растау бойынша мемлекеттік функциясы тапсырылған сертификаттау органдарының (OPS) және сынақ зертханаларының (IL) тікелей қатысуымен іске асырылады. Бұған кәсіпкерлік субъектілері тарапынан түскен көптеген өтінімдер дәлел.

Мәселен, 2018-2019 жылдар аралығында қазақстандық сертификаттау жөніндегі органдар кемшіліктері бар импорттық цементке 349 сертификат берген (229 мың тонна), сонымен қатар, кемшіліктері бар көлік құралдарына сәйкестікті бағалау туралы (Көлік құралы типін мақұлдау, Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі куәлігі, шасси типін мақұлдау)  397 құжат берілген («ҚазАвтоПром» қазақастандық автобизнес қауымдастығы мәліметі бойынша).

Сәйкестігін растау туралы дұрыс рәсімделмеген құжаттармен өнімдердің айнылымына байланысты сертификаттау саласындағы проблемалардың болуы – сертификаттау органдары мен сынақ зертханаларына деген төмен сенімділікті тудырды. Бұл жайт отандық өнеркәсіпке зиянын тигізуде, профилактикалық бақылаудан кетіп, аккредиттеу субъектілеріне ерекше тексеру жүргізу тәртібіне өтуді талап етеді.

Қолданыстағы заңнама аккредиттеу субъектілері қызметіне қатысты тәуекелдерді ескермейтінін атап өткен жөн: нақты жауапкершілік қарастырылмаған (дұрыс орындалмаған міндеттемелер үшін айыппұлдар салынбайды),  бұзушыларға қатысты профилактикалық бақылау ұсынымды сипатқа ие.

Аккредиттеу субъектілері жүйелі тексерулерге жатпайды. Демек, аккредиттеу субъектілерінің қызметі кәсіпорынның шағымынан кейін, алдыңғы тексерулердің нәтижелері негізінде ғана бағаланады. Бұл дегеніміз профиликатикалық бақылау шағымдар түскен уақытта ғана жүргізіледі. 

Мәселен, 2019 жылдың бірінші жартысында профилактикалық тексеру тізіміне 13 субъект енген, бұл аккредиттеу субъектілері жалпы санының 1,3%-ын құрайды. Олардың жалпы саны 997 бірлік.

 


Серіктестер