Национальная палата предпринимателей Республики Казахстан «Атамекен»
Надежный партнер бизнеса

О нас
Рус

Тінекей ұлы Құлсары жөнінде

Атырауская область
Құлсары көріпкелдік қасиетімен бірге пейілі кең, жомарт және қонақжай жан болған екен. Мұсылманша оқыған, бес уақыт намазын қаза қылмаған, көршісі аш жатса, шариғатқа қайшы деп, халқынан ештеңесін аямаған, кетіп бара жатқан жолаушыны «қонағасыңды жеп кет» деп кідіртетін. Мұхаммед пайғамбардың «Көршің аш жатқанын біліп, өзің тойып жатсаң, кінәлісің» деген хадисін мықтап ұстап, «Малың өлсе, сойысқан, адамың өлсе, қойысқан, жауың келсе, қуысқан, бәрінен жақын туысқан» деп отырған. Құлсары көпшіл, жарлы-жақыбайға қамқорлық танытқан, сұрағандарға атты ер-тұрманымен беріп жіберетін болған. Көнекөз қарттардың айтуынша, адамға тіке қарамай, үнемі төмен қарап отырып сөйлейді екен. Онысы көзінің ерекше қасиеті адамдарға әсер ететіндігінен болса керек. Құлсары атаның тегі Бекет атаның арғы аталары шыққан Адай руының Мұңал бөлімінен тарайды екен. Тарқата айтсақ, Адайдан: Келімберді-Мұңал-Бәйімбет-Сабытай-Жандай-Сегізбай-Күшік болып таралады. Ал Құлсарының әкесі Тінекей - Күшіктен тараған сегіз баланың бірі. Адай руынан шыққан, біздің әңгімемізге арқау болған Құлсары қыс қыстағын Маңғыстау өңірінде, ал жаз жайлауын осы қазіргі Жылыой ауданы Жем өзені бойында өткізген. Құлсарының арғы аталарының ішінде Сегізбай асқан бай (17 мың жылқысы болған деседі) болған. Байлығы басынан асып жатса да, елге деген, халқына деген адалдығы бірінші кезекте тұрған екен. Оның ел алдындағы беделінің арқасында қанды қақтығыстар тоқтатылып отырған. Кіші жүз рулары мен Хиуа хандығы арасындағы даулы істе бес рет антқа тігілген. Антқа біреудің жалғызы, болмаса, елге қадірлі адамы деген жайсаңы тігілетін болған. Қазіргі тілмен айтқанда, кепілдікке берілетін болған. Атасының елге, жерге деген адалдығы Құлсарыға да дарыған екен. Соғымды неге екі бөліп сақтаған? Құлсарыда тұратын журналист әрі ақын Әбдіхалық СИСЕНБЕРДИЕВ өзі құрастырған «Құлсары ата» атты шағын кітабында Құлсары Тінекейұлының 1870 жылы Жем, Сағыз бойын жайлап жүргенінде Маңғыстау ойындағы елдің патша үкіметіне қарсы көтеріліске шыққанын естіп, сарбаздардың мінісі мен тамағына деп, екі үйір жылқысын үлкен ұлы Үдербайды бас қылып, айдатып жібергенін жазыпты. Бұл әрекеті патша шенеуніктеріне белгілі болғанымен, ел арасындағы беделінің арқасында жазаланудан аман қалады. Құлсары таза мал шаруашылығымен айналысқан және ауқатты адам болған. Оның 7-8 мың қойы, 500-600-дей жылқысы, 250-дей түйесі болған деседі. Ортадан жоғары бойы бар, қапсағай денелі, иықты болған. Құлсары жастайынан ат таңдап, баптап, жаратып, бәйге аттарын таңдауға бүйрегі бұрып тұрған екен. Ол соғым сойғанда жас малдың етін бір бөлек, сақа малдың етін бөлек сақтайды екен. Сонда екінші баласы Шапай: «Әке, осы етті бөлек сақтауыңыздың сыры неде?» деп сұрапты. Сонда Құлсары: «Келген қонақтың екі түрі болады. Ақылы айдынды, сөзі асыл, көреген, шешен адам келсе, сақа малдың етін қазанға салдырамын. Ал сөз қадірін білмейтін, көп сөйлеп, бас ауыртар қонақ келсе, тез құтылу үшін жас малдың етін таңдағаным. Әр қонақтың өз несібесі бар», деген екен. Бір күні ел аралап, қыдырыстап жүрген Құлсарының көзіне бір танысының желісінде тұрған құлындардың ішінен оймақтай төбелі бар, ақбақай бір құлыншақ ерекше көрінеді. Назарын аударған құлыншаққа әбден көңілі ауғаны соншалық, танысына: - Енесінен суалғасын маған бер. Ізіне не қаласаң, соны беремін, - депті. Құлын иесі Құлсарының бой жетіп отырған немересі барын біліп: - Олай болса, маған балаң Шапайдың қызы Тойкүнді келіндікке бер. Құлын сенікі, - дейді. Сол жерде екеуі қол алысып, келіседі. Немересінің қалыңмалына келген ақбақай төбел құлын кейін ешкімге дес бермеген жүйрік болып шығып, Құлсарының мерейін арттырып, атағын шығарған. 1965 жылы өмірден озған Тойкүн үйлі-баранды болып, бақытты ғұмыр кешкен.

Партнеры