Национальная палата предпринимателей Республики Казахстан «Атамекен»
Надежный партнер бизнеса

О нас
Рус

ДЕНДЕРТАС аңызы

Атырауская область
Ерте, ерте, ертеде дейтін бір замандарда қазіргі Индер ауданындағы (жергілікті жұрт «Дендер» дейді, аудандық газеті «Дендер» аталады) Жамантау баурайында қалың ел, мыңғырған мал болады екен. Адамдардың жағасы жайлауда, мажыражай бір кезең. Бұл Жамантау дегеніңіз сонау Ресейдің Орал тауынының сілемі, ол бірте-бірте аласара келіп осы Дендер өңіріне келіп тәмәмдалады. Жергілікті халық кейде бұл тауды «Дендертау» деп те атайды. «Дендер» деген атау қалмақтың ба, әлде монғолдың ба, әйтеуір біреуінің, «төбе, биіктік, қарауылтөбе» деген сөзінен шыққан екен дейді. Соған қарағанда, қазағымыздың табаны тигенше бұл аймақ талай құқайды басынан кешірген кейіпте. Ерте заманда елін елжірей сүйген екі жас Жауһар мен Мәтен әулие атанып, олардың бейіттері қалың жұрт бас иетін қасиетті орынға айналды. Әне, анау көрініп тұрған төбе - баяғыда Қыз әулие тілек тілеген, кейін халқымыздың қадырмені Дінмұхамед Қонаев келіп қонақтаған төр, бүгінде «Димаштөбе» аталады. Анау жарқырап көрініп жатқан Қыз әулиенің көз жасы – атақты Индер көлі, жергілікті жұрттың тілімен айтсақ - «Тұзбұлақ». Одан кейін Қазақстанда теңдесі жоқ «Мұзқұдық»! Бұл оқпан секілді табиғи құдыққа ешқашан күн түспейді, мұзы ерімейді. Жергілікті халық қай заманнан бері қажетіне жаратып келе жатыр! Аңыздың айтуы бойынша бұл Мұзқұдық Жауһардың Мәтеннің енді таптырмайтынына көзі жетіп, көңілі мүлде суынғанда пайда болса керек! Әріректе Мәтен бейіті, одан соң Қыз әулие жатыр мәңгі тыныстап. Содан тауға шығатын жолмен сәл көтерілсең шығыс бетте мұқым қазақтың қайсар ақыны Махамбет пен саңлақ Сырым батырдың өзі бата алған Малайсары бидің мазарлары көзге шалынады. Осыдан Жайық бойына бет бұрсаң алдыңнан қырық шақырымдай жерден арқалы ақын Мұрат Мөңкеұлы шығып қарсы алады! Ал... Дендертас туралы. Аңыз бойынша Дендертастың көлемі аса үлкен болады екен. Соны тазалай келгенде ішінен қыз-келіншектерге сақиналыққа ғана жарайтындай жарқырауық тас шығады дейді. Сондықтан ел арасында: «Дендертасты тапқан да бақытты, таққан да бақытты» деген сөз болған. Елдің Жамантауды жағалай қонуы да осы бақытты тасқа бір табан жақын болсам деген ниеттен болар, бәлкім... Бұл таудан Менделеев таблицасындағы кендердің 13 түрі шығады. Елі ешқашан кедейшілікке ұшырап көрген емес. Бұл сол Дендертастың әлі ашылмай жатқан кереметі десем, тәңірі берген Тәуелсіздіктің алтын заманында Дендертас қайта табылып еліне сөнбес нұр-сәуле шаша беретініне еш күмәнім жоқ!

Партнеры