«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылорда облысы бойынша алғашқы индустриялық сертификат берілді

2019 жылғы 10 Шілде
- Қызылорда облысы
1973 просмотров

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айман Сәдуова айтты.

«Индустриялық сертификат қазақстандық тауарөндіруші, қызмет көрсетуші және жұмыс берушілердің тізілімін жасау үшін беріледі. Мемлекеттік сатып алу қағидаларына енгізілген өзгерістерге сай 1 шілдеден бастап жеңіл өнеркәсіппен айналысатын және жиһаз әзірлейтін кәсіпкерлерден мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін индустриялық  сертификат талап етіледі. Жалпы индустриялық  сертификаты бар кәсіпкерлер байқауларға қатысуда басымдықта тұрады», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айман Сәдуова.  

Палата маманының айтуынша, Индустриялық сертификатты алу екі кезеңнен тұрады. Сертификат өндірістік базаға беріледі. Кәсіпкердің өндірістік базасы болса, технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе, өнімді шығаруда қажетті мамандармен қамтылса Индустриялық сертификат ала алады.

Индустриялық сертификатты алудың бірінші кезеңінде кәсіпкер салалық қауымдастықтан сарапшы аудитор шақыртады. Сарапшы аудитор кәсіпкердің өндірісінің ереже талаптарына сәйкестігін анықтайды және нәтижесі бойынша қорытынды береді. Оң қорытынды алғаннан кейін кәсіпкер Ұлттық кәсіпкерлер палатасының atameken.kz сайты арқылы өтінім береді. Өтінім беруде кәсіпкер өзі тұрған өңірді таңдайды. Мысалы, Қызылорда облысынан болса, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы деп таңдайды. Әрі қарай Индустриялық сертифкатты рәсімдеумен өңірлік палата мамандары айналысады.

Сертификат тегін, 3 жылға беріледі. Алайда кәсіпкер өндірісінде өзгеріс болмаған жағдайда жыл сайын сертификатты өзектендіреді. Ал тауар өндірісінде, қызмет немесе жұмыста өзгерістер болған жағдайда қайтадан арыз беріп,  сертификатқа өзгеріс енгізеді.  

Қызылорда облысында алғашқы болып индустриялық сертификатты «Далатекс» ЖШС алған. Жақын күндері жеңіл өнеркәсіппен айналысатын тағы 2 компанияға сертификат беріледі деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер