«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ғалымбек Жақсылықов: «Хан-Тәңірі» - Елбасының бізге берген ең жоғары бағасы»

2018 жылғы 13 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
4001 просмотров

Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпір өтті. Аталмыш телекөпірде біздің облысымызда жылына 1 млн тонна өнім шығару қабілеті бар цемент зауыт іске қосылды.

Бұл ауқымды шара аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президенттің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарын тапсыру, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттауды ұйымдастырды.

Аталмыш шараларда біздің Сыр кәсіпкерлері жеңіс тұғырынан көрініп, үздіктердің сапынан орын алды. Нақтырақ айтқанда:

- «Қазақстанның үздік тауары – 2018» республикалық көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша біздің «Далатекс» ЖШС жеңімпаз атанды.

- Мемлекет басшысының «Парыз – 2018» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «СКЗ - U» ЖШС КҮМІС жүлдеге ие болды.

- «Парыз – 2018» сыйлығының «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «РУ-6» мекемесі ҚОЛА жүлдемен марапатталды.

«Бұл айтулы күндегі ең үлкен марапат – біздің облысқа берілді. Қызылорда облысы «Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» ретінде танылып, Елбасы аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына «Хан-Тәңірі» сыйлығын табыс етті», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.   

Мемлекет басшысынан алынған мұндай жоғары бағаның артында өңір басшысы бастаған азаматтардың, салаға жауапты мамандардың уақытпен санаспай жасаған өлшеусіз еңбегі, маңдай тері жатыр.

Облыста кәсіпкерлік саласын дамыту сөз күйінде айтылмай, іспен дәлелденді. Жыл басында аймақ басшысы биылғы жылды облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады. Бұл бастама кейін үшжылдыққа ұзартылды. Аталмыш бастама аясында өңірде 65-тармақтан тұратын кешенді «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» қабылданды.

Жол картасына салаға қатысты негізгі бағдарламалар енгізіліп, қаржыландырудың барлық көздерінен 32 млрд.86 млн.теңге тартылды. Соның ішінде, «Стартап» жобалардың өзіне 3 млрд.теңгеден астам қаржы қарастырылды.   

Саланы дамыту үшін қабылданған шешімдер мен бөлінген қаржы алғашқы нәтижелерін де бере бастады.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қарашасында өңірде жұмыс жасайтын шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 42 066-ті құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,7 пайызды құрады. Бұл - республикада ең жақсы көрсеткіш.

Міне, жылды қорытындылар сәтте Ұлт Көшбасшысы табыстаған марапат Сыр азаматтарының, кәсіпкерлерінің осындай еселі еңбегіне беріліп отырған жоғары баға деп білемін.

Сөзін қорытындылай келе, Палата директоры Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытуға жағымды жағдай қалыптастыру мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғау бойынша жұмысын алдағы уақытта да жалғастыратындығын жеткізді және аймағымызда кәсіпкерлікті дамытуға қатысты баршаңызды бірлесе жұмыс жасауға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер