«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада «Бизнес-мектеп» аясында 368 жоба қаржыландырылды

2018 жылғы 07 Қараша
- Қызылорда облысы
1656 просмотров

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясындағы «Бизнес-кеңесші» оқу курсы бүгінде қызылордалықтардың іздеп жүріп оқитын жобасына айналды. Екі күндік курста кәсіпкерліктің негіздері түсіндіріліп, жалпы бағыт-бағдар берілетін болғандықтан «қандай іс бастасам екен», – деп жүрген азаматтар үшін бұл таптырмас мүмкіндікке айналуда.

Бүгінде аталмыш курсқа қатысып, өзінің бастаған ісіне береке бітіріп, қолға алған ісін алға жылжытып, дамытып отырған азаматтар ел ішінде де жетерлік. Солардың қатарында талсуаттық кәсіпкер Айсұлу Боранбаева да бар. Ол сіңлісі Қарлығашпен ақылдасып отбасылық бизнесті қолға алады. Алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасына барып, кеңес алады. Одан кейін екі күндік «Бизнес-кеңесші» оқу курсына қатысып, өзінің бизнес-жоспарын әзірлейді. Нәтижесінде Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылдық округінде «Ислам» нан пісіру цехын ашады. Наубайхананың барлық жұмысын шаруашылықтан икемі бар сіңлісі Қарлығашқа тапсырады. Ол өз кезегінде кәсіпті дөңгелетіп алып кетті.

«Қазір ауылды нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Шүкір, нанға сұраныс жоғары. Сондықтан да ендігі кезекте наубайханамызды кеңейтуді де ойластырудамыз. Наннан өзге кекс, рогалики, торттарды пісіріп жатырмыз», – дейді кәсіпкер Қарлығаш Балмолдаева.

Кәсіпкер «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан алған 4 млн.теңге несиеге наубайханаға ең қажетті нан пісіретін пеш пен нан илейтін құрал жәнен нан тарататын көлік сатып алады. Шағын ғана наубайханада ас атасының бірнеше түрі пісіріледі. Күніне 400 бөлкеге дейін нан пісіретін кәсіпкер өнімін жергілікті дүкендерден өзге, көршілес Айнакөл, Қаракөл ауылдарына да өткізеді. Тапсырыспен тоқаш, самсаларды да әзірлейді. Бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.

 Айта кету керек, Қызылордада «Бизнес-кеңесші» оқу курсы бойынша  осы жылдың 9 айының өзінде 1191 азамат оқытылды. Оған қоса «Бизнес өсу» жобасы аясында 107 азамат, «Тәлімгерлік оқыту» бойынша 65 азамат өз білімдерін жетілдірді.

Жалпы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберіндегі  «Бизнес-Мектеп» аясында оқу курстарын аяқтаған 1363 азаматтың ішінен жалпы құны 839,608 млн. теңгені құрайтын 368 жоба қаржыландырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер