«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада «Бастаудың» алғашқы тобында 326 азамат оқуда

2018 жылғы 27 Сәуір
- Қызылорда облысы
3467 просмотров

Кәсіп ашудың қыр-сырын үйретуге бағытталған «Бастау» жобасы «Атамекен» ҰКП-ның ұйытқы болуымен өткен жылы басталды. Бұл кешенді оқыту бағдарламасы қарапайым халықты кәсіпкерліктің негіздеріне бастап, маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді. 

Биылғы жылы «Бастау» жобасы бойынша Қызылорда облысында 1600 адамды оқыту жоспарлануда. Өткен жылы өңірдің 5 ауданының тұрғындары ғана қатысқан болса, биылғы жылы бұл жобаға 7 аудан мен Қызылорда қаласының азаматтары да қатысу мүмкіндігіне ие болуда. 

Бүгін біз жоба аясында Жаңақорған ауданында оқып жатқан азаматтар туралы айтпақпыз. 

Жаңақорған ауданында тест тапсырған 51 қатысушының 48-і қажетті межеден асып, жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. 

«Оқу 1 ай көлемінде өтеді. Осы оқу барысында қатысушыларды кәсіпкерлік негіздеріне, дағдыларға үйретіп, кәсіпкер ретінде дайын қылып шығаруға тырысамыз. Бітіргеннен кейін болашақ кәсіпкерлер өздерінің жобаларын қорғайды. Ал біз Кәсіпкерлер палатасы аталмыш азаматтардың жобасын сүйемелдеп, қаржыландырылуына көмек көрсетеміз», - дейді бизнес-тренер Бауыржан Қыдырбекұлы. 

Жобаға қатысушылар курсты аяқтаған соң өздерінің бизнес-жобаларын қорғайды. Жобаны арнайы құрылған комиссия мүшелері тыңдап, жан-жақты зерттейді. Содан соң жоба мақұлданып, барлық талаптарға сай болған жағдайда қаржыландыру үшін қаржы ұйымдарына жолданады. Бұл оқу курстарына келген әрбір қатысушы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмекті пайдаланып, өзінің кәсібін ашып, жұмысын бастағысы келеді. Бұл өз кезегінде аудан экономикасын дамытуға, жұмыссыздар санын азайтуға да септігін тигізеді. 

Жоба туралы оқуға қатысушылардың пікірімен танысқан едік. 

«Негізгі салам қазақтың ұлттық көлөнер бұйымдары. Соның ішінде киіз үй, бесік, сандық, тойтабақтар жасай аламын. Мемлекеттің көмегін пайдалана отырып, қолдан келетін ісімді кәсіпке айналдырғым келеді. Цех ашып, жұмысшылар алып, ұлттық өнерді дамытқым келеді», - дейді жобаға қатысушы Асқар Исаев.   

Жобаның келесі қатысушысы Сағындық Мекебаев: «Қазір кәсіпкерлікке жақсы қолдау болып жатқаннан кейін «Бастау» жобасына қатысу үшін тіркелдім. Қазір міне, оқып жатырмын. Кәсіпкер болғым келеді. Біздің ауыл бұрын мал шаруашылығымен айналысқан, малға қолайлы. Үйде ірі қара малдарымыз бар. Соны әрі қарай дамытып, мал санын көбейтіп, өсірсем, кәсіпке айналдырсам деген жоспарым бар», - дейді. 

Айта кету керек, «Бастаудың» сәуір айында басталған алғашқы легінде тестілеуге 329 азамат қатысып, 1 айлық курсты 326 адам оқуда. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер