«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіп үшін жер керек пе? Аукционға қатысыңыз!

2017 жылғы 14 Қараша
- Қызылорда облысы
3760 просмотров

Қызылордада тұңғыш рет кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдеріне арналған аукцион Кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті.

Осыдан бірнеше күн бұрын Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Достар! Дәл қазір қуанышты сезімде тұрмын. Ерекше жаңалықпен, Сіз бен біз болып бірге жасаған жұмыстың  нәтижесімен бөліскім келіп отыр. Естеріңізде ме, «кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдеріне жарияланатын аукцион туралы ақпаратты кәсіпкерлер дер кезінде ала алмайды, ақпарат жеткіліксіз»,- деп жергілікті атқарушы органның алдында мәселе қойған болатынбыз. Бүгін қалалық жер қатынастары бөлімінен «Ұсыныстарыңызға сәйкес, ағымдағы жылдың 11 қарашасында болатын кезекті аукцион Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесі, № 28 мекен-жайында орналасқан Қызылорда облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында өткізілетін болды», - деген ресми хат алдық. Иә, иә, қателескен жоқсыздар, кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдеріне арналған аукцион ашық әрі жариялы негізде біздің Кәсіпкерлер палатасының ғимаратында өтеді», - деген жазба қалдырған болатын.

Сенбі күні қалалық жер қатынастары бөлімі Кәсіпкерлер палатасында жер телімдерін аукцион тәсілімен беру шарасын өткізді.  Шараға 33 жер телімі ұсынылып, қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің қарасы басым болды.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі Палата қызметкері Гаухар Елеусінова: «Аукционның тартысты болғаны соншалықты тіпті бір лотқа қатысқан 4 кәсіпкердің арасында талас болып, жер телімін 12 млн.теңгеге дейін бағалағандары болды. Ал жалпы ауыл шаруашылығы үшін жер телімдерін жыл сайынғы жалдау бағасы тиімді, кәсіпкерлердің қалтасы көтеретіндей», - дейді.

Айта кету керек, Қызылордада жер телімдері туралы толық ақпаратпен қамтитын www.kyzylorda-zher.kz ресми сайты ашылды. Сайтта аукционға шығарылатын жер телімдері туралы (мекен-жайы, сызбасы, нысаналы мақсаты, жер пайдалану құқығы, жер телімінің бастапқы бағасы, аукционға қатысу үшін төленетін жарна пұл т.б.) толық ақпарат берілген.

Аукционға «Ғимаратқа қызмет көрсету үшін» және «Өзіндік кәсіпкерлікке негізделген шаруа қожалығын жүргізу үшін» жер телімдері ұсынылады. Аукционға қатысуға ниет білдірген жағдайда өз заңдылығына сәйкес қалалық жер қатынастары бөліміне барып, алдын ала тиісті төлемді төлеу арқылы өтініш білдірсеңіз, аукционға шақырту ала аласыз. 

Келесі аукцион шарасы желтоқсан айында өткізіледі деп жоспарланып отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер