«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мал бордақылау жақсы бизнес

2017 жылғы 23 Тамыз
- Қызылорда облысы
22636 просмотров

«Бастау Бизнесте» оқыған аралдық келіншек мал шаруашылығымен айналысуда

Қызылордада «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, біліктілігін көтерген азаматтардың жобасы қаржыландырылып, жүзеге асырылуда.

32 жасар Арал ауданының тұрғыны Аманкүл Қожабергенова отбасылы, 3 баланың анасы. Аманкүлдің мамандығы мұғалім болғанымен қазір кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін жасалып жатқан мемлекеттің қолдауын көріп, жеке ісімен айналысуға бел буады. Аманкүлдің қуанышына орай, биыл елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы қабылданып, азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту қолға алынды.

«Бастау Бизнес» бойынша Арал ауданында да оқуға болатындығы жөнінде естіген мұғалима курсқа жазылып, бір ай біліктілігін жетілдіреді.

«Оқу процесі барысында Аманкүлмен бірге болашақ кәсібінің моделін әзірледік. Ол үшін Аманкүлдің өзіне жақын, бұрын айналысып көрген істі таңдаған жөн деп шештік. Мал шаруашылығы олардың отбасы үшін таңсық нәрсе емес. Қолдарында жылқы, сиыр, қойлары бар. Аманкүл ойлана келе жылқы басын көбейтіп, сатуды кәсіпке айналдыруға бел буды. Ол үшін Аманкүлді жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, бизнес-жоспарын әзірледік», - дейді Кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасының Арал ауданы бойынша бизнес-тренері Нариман Абдрахманов.

Аманкүлдің мал шаруашылығы ішінде жылқыны таңдауы да тегін емес, себебі жылқы етіне бүгінде нарықта сұраныс жоғары. Бұл туралы өзі: «Бізде немесе көршілес аудандарда малды арнайы етке даярлаумен ешкім айналысып отырған жоқ. Кімде болса мал ішінені жарарын ғана сатып жатыр. Ал малмен айналысып жүргендер өте аз, нарықтың 0,1 %-ын да құрамайды. Соған қарамастан соңғы 5 жылда еттің бағасы 900 теңгеден 1200-1700 теңгеге дейін көтерілген. Етке сойылып жатқан малдың 20-30% ғана семіз, қалған 70-80 %-ы орташа немесе нашар. Орташа немесе арық малдардың сойылу себебі басқа мал жоқ, ал етке деген сұраныс күннен-күнге артып келеді».

Аралдық келіншектің ет өнімдерін сату бойынша жоспары да бар. «Малды өрісте жайып семірткендіктен еті өте дәмді болады. Сондықтан да сату қиынға соқпайды, біз жылқы етін нарық бағасынан әлде қайда төмен бағада сата аламыз. Мал бабына келуіне қарай қарай жыл он екі ай саудаланады. Себебі семіріп, жетілген малды артық ұстаудың қажеті жоқ. Қыс айларында сату жұмыстарын тоқтатпау үшін, малға қажетті арнайы жем берілуі керек, бұл жылқыны семірту үшін және өзі де семіріп келген малды аздырып алмау үшін қажет. Біз ол жағына да дайынбыз», - дейді кәсіпкер.

Бір айлық курста алған біліктілігін бизнес-жоспарға енгізіп, облыстық комиссия алдында жобасын сәтті қорғаған Аманкүлдің бастамасы комиссия мүшелерінің де көңілінен шықты. Нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы аралдық келіншектің жобасы өміршең деп тауып, жобасын жүзеге асыруға 6 млн.теңге несие берді.

«Бастамамды жүзеге асыруға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Бұл қаржыға малдың басын көбейтіп, ісімді бастап кетуге жақсы демеу. Ол үшін қажетті қора-жайын, жайылымдық жерім де бар. Жобамды жүзеге асыру барысында 1 адамды жұмыспен қамти аламын. «Бастау Бизнес» жобасы – маған балық емес, қолыма қармақ ұстатты. Ендігі табысымның қаншалықты болатыны, ісімнің өрге жүзуі өзіме байланысты. Мемлекеттік қолдауға ризамын», –  дейді Аманкүл Қожабергенова.

Айта кету керек, Арал ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 92 адам оқытылып, олардың ішінде жалпы құны 75 400 000 теңгені құрайтын 17 азаматтың жобасы қаржыландырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер